БҰҰ Бас Ассамблеясы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша Өңірлік орталығын құру туралы қарарды бірауыздан қабылдады. Құжатты Орталық Азия мемлекеттері атынан Қазақстан ұсынды. Біріккен Ұлттар Ұйымына 152 мүше мемлекет тең авторы ретінде қарарды қолдады. Бұл өз кезегінде бастаманың жоғары маңыздылығын және кең халықаралық консенсусін көрсетеді. БҰҰ ОДМ Орталығын құру – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында алғаш рет ұсынылған бастамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Орталықты БҰҰ-ның 18 агенттігі жұмыс істеп тұрған Алматыдағы жаңа халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында орналастыру ұсынылды. Мемлекет басшысы Қазақстан өңірдегі ең ірі экономика ретінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Орталық Азияның орнықты дамуына, өңірлік интеграцияны ілгерілетуде шешуші рөл атқаруға мүдделі екенін атап өтті.