Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі Беларусьті неміс-фашистік басқыншылардан азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық батырларды еске алу акциясын өткізді

Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі  Беларусьті неміс-фашистік басқыншылардан азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық батырларды еске алу акциясын өткізді

Минск, 2024 жылғы 6 мамыр – Достастық алаңында Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусь жерін фашистік басқыншылардан азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш жанында еске алу митингі мен салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Акция 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойына және Қазақстан Республикасында жыл сайын 7 мамырда атап өтілетін Отан қорғаушылар күніне орайластырылған.

Митингке Елшілік қызметкерлері отбасы мүшелерімен, Партизан ауданы әкімшілігінің, қазақ диаспорасының өкілдері, қазақстандық офицерлер мен ТЖМ курсанттары, Минск-қаһарман қаласы орта мектептерінің оқушылары қатысып, қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

«Бұл Ұлы Жеңіс күні қарсаңындағы маңызды дәстүр. Қазақстан Беларусь секілді сол ұлы соғысты ардақтап, есте сақтайды. Бұл соғыс фашистік агрессияға қарсы жүргізілгендіктен әділетті болғаны есімізде. Ол біз үшін қасиетті, өйткені идеология тұрғыда адамзатқа қарсы жүргізілді. Бүгінгі таңда біздің елдеріміздегі патриотизм мен халықтар достығының үлгілеріне толы ортақ жеңістеріміздің тарихын өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ парызымыз», - деді Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Ерлан Байжанов.

Дипломат бауырлас Беларусь халқына жерлестердің ерліктеріне құрметпен қарағаны үшін қазақстандықтардың алғысын жеткізіп, тарихи өткенге ұқыпты қараудың, қаза тапқан жауынгерлердің рухына шынайы құрмет көрсетудің үлгісін ерекше атап өтті.

Биылғы жылы Беларусьті неміс-фашистік басқыншылардан азат етудің 80-жылдығы атап өтілуде.

Е.Байжанов Қазақстанның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы фашизмді жеңуге қосқан үлесі туралы айтты. Қазақстандықтар алғашқы күндерден бастап ең қатал шайқастарға түсті. Олар Брест қамалын, Мәскеу мен Ленинградты қорғады, Сталинград пен Курск шайқастарына қатысты. Беларусь, Украина және Еуропа елдерін босатты. Қазақстаннан 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, оның 84-і Беларусь жерін азат ету жолындағы шайқаста иеленді. Беларусьте әрекет еткен 65 партизандық бригада мен отрядтың құрамында 1500-ден астам жерлестеріміз шайқасты. Жалпы Қазақстаннан майданға бір жарым миллионға жуық адам аттанды.  Олардың жартысына жуығы майдан даласынан оралмады.

Майданды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде қазақстандықтардың қосқан үлесі орасан. Ұлы Отан соғысында Қызыл Армия пайдаланған он оқтың тоғызы қазақ қорғасынынан құйылған. Елші сондай-ақ қаза тапқан батырлардың есімдерін қалпына келтіруге және мәңгілікке қалдыруға мүмкіндік беретін елдеріміздің іздестіру топтары жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Сол күні қазақстандық дипломаттар Минск облысы Молодечненск ауданы Радошковичи ауылында қазақстандық жауынгерлер Бақтыораз Бейсекбаев пен Әбдіжапар Мәмиев жерленген Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің бейітінде еске алу митингісіне қатысты.

Елші Ерлан Байжанов және ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтімов ТМД Атқарушы комитеті ұйымдастырған «Победа» мұражай-саябақ кешеніндегі Достық аллеясына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.