
Витебск облысы, 2026 жылғы 18 ақпан - Беларусь Республикасының Отан қорғаушылар және Қарулы Күштері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Қорғаныс министрлігінің әскери атташесі аппаратының сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының делегациясы Полоцк пен Витебск қалаларына барды.
Витебск облысында Беларусьті азат етуге қатысқан қазақстандық жауынгерлер жерленген орындарда, атап айтқанда, Полоцк қаласындағы Қызыл алаңда Кеңес Одағының Батыры, гвардия старшинасы И.Айтыковқа арналған ескерткіш жанында және Витебск ауданы Зароново ауылындағы №4407 бауырлас қабірінде аға лейтенант Ж.Бузаубаевқа арналған ескерткіш жанында салтанатты іс-шаралар өткізілді.
Сапар аясында рәсімге қатысушылар қаза тапқандарды еске алып, гүл шоқтарын қойып, ұрпақтар сабақтастығының негізі және Қазақстан мен Беларусь халықтарының ортақ ерлігіне құрмет ретінде тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Делегация құрамына полковник А.Жүсіпов, қазақстандық жауынгер Ж.Бузаубаевтың немересі және Айтықовтар отбасының досы қатысты.
Митинг барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Қорғаныс министрлігінің әскери атташесі генерал-майор У.Абыкеев Беларусь аумағында шайқасқан қазақстандық жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру ортақ тарихи мұраны сақтаудың маңызды элементі болып табылатынын, сондай-ақ бұл екі мемлекет халықтары арасындағы гуманитарлық байланыстар мен өзара құрметті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ салтанатты митингке Витебск облысының, Полоцк және Россон аудандарының, Новополоцк қаласының әскери комиссариаттарының өкілдері, 103-ші жеке гвардиялық әуе-десант бригадасының әскери қызметшілері, 32404 әскери бөлімі мен 5530 әскери бөлімінің өкілдері, Полоцк кадет училищесінің басшылығы мен тәрбиеленушілері қатысты.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі белорус тарапына, іс-шараның әскери және азаматтық қатысушыларына, сондай-ақ мемориалдарды сақтауды және еске алу рәсімдерін өткізуді қамтамасыз ететін мекемелерге Беларусьті азат етуге үлес қосқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етіп, олардың жадына ұқыпты қарағаны үшін алғыс білдіреді.