
Минск, 2026 жылғы 27 қаңтар - Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықов «Горизонт» холдингінің инновациялар орталығына барды.
«Горизонт» холдингінің басқарушы компаниясының Бас директоры Юрий Прекомен кездесу барысында сауда-экономикалық және өнеркәсіптік-технологиялық салалардағы қазақ-белорус ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды.
Холдинг басшылығы өзінің озық әзірлемелері мен инновациялық шешімдерін ұсынып, қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. «Горизонт» өнеркәсіптік және тұрмыстық электрониканың кең желісін шығаратыны баяндалып, оның Қазақстан нарығында сұранысқа ие болуы мүмкін инжиниринг және цифрлық шешімдер саласында бірегей құзыреттерге ие екендігі атап өтілді.
Т. Жақсылықов «Горизонт» холдингі Беларусь өнеркәсібінің флагманы болып табылатынын, ол ғылыми-техникалық әзірлемелер мен инновацияларға салынған инвестициялардың арқасында бәсекеге қабілетті өнімді табысты құратынын атап өтті. Холдингтің қазақстандық компаниялармен байланысын кеңейту бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Горизонт» холдингі - Беларусьтегі тұтынушылық электроника мен тұрмыстық техниканың ірі өндірушісі. Оның құрамына өндірістік алаңдарды, ғылыми-зерттеу орталықтарын және әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, әртүрлі бейіндегі 17 компания кіреді. Холдинг өнімдердің кең спектрін шығарады: теледидарлар, ноутбуктер, автомобиль, авиация және басқа да техникаларға арналған мамандандырылған мониторлар, микротолқынды пештер, тоңазытқыштар, жарық жабдықтары және т. б.