30 тамызда Қазақстан мемлекеттік мерекені – Конституция күнін атап өтеді

30 тамызда Қазақстан мемлекеттік мерекені – Конституция күнін атап өтеді

Осыдан отыз жыл бұрын, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Негізгі заңды қабылдауға дауыс берген ел азаматтары қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасын қалады. Біздің Конституция – мемлекеттік институттардың қызмет қағидаттарын айқындайтын құқықтық құжат қана емес. Оның негізінде қазақстандық қоғамның іргелі құндылықтары мен гуманистік идеалдары жатыр. Негізгі заңның 1-бабында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жарияланды, ал ең жоғары құндылықтар – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып белгіленді.
 
 Тәуелсіздігін жуырда ғана алған Қазақстан үшін бұл қағидаттар жай ғана декларация емес еді. Олар алдағы жылдарға заңнаманың дамуы мен мемлекеттік стратегияның бағытын айқындады. Конституция жаңа сын-қатерлерге жауап бере отырып, өз икемділігін көрсетті. Жылдар бойы Қазақстан азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін біртіндеп, бірақ жүйелі түрде нығайтып келеді.
 
 2022 жылғы республикалық референдумның қорытындысы бойынша Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілді. Ел болашағы туралы кең қоғамдық талқылаудан кейін дауыс беруге 33 бапқа 56 түзету енгізілді. Олар саяси процестерді демократияландыруға, сот жүйесін жаңғыртуға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталды.
 
 2022 жылғы 5 маусымдағы референдум Қазақстан тарихындағы жаңа саяси дәуірдің бастауы болды. Бүкілхалықтық дауыс беру мемлекет басшылығы жүргізіп отырған курсты қоғамның қолдағанын көрсетті: референдумға қатысқан азаматтардың шамамен 77%-ы конституциялық реформаны қолдады. Қабылданған өзгерістер биліктің барлық тармақтарына және мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттарына әсер етті. Реформаның басты идеясы – суперпрезиденттік үлгіден бас тартып, мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу.
 
 Конституцияда президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі және қайта сайлану құқығының болмауы бекітілді. Бұл ел басшысының тұрақты ауысуын қамтамасыз етіп, биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді.
 
 Парламенттің рөлі күшейтілді – оның бақылау функциялары кеңейтілді, заң шығару процесі оңтайландырылды. Президент өкілеттігінің бір бөлігі заң шығарушы тармаққа және жергілікті өкілді органдарға берілді. Азаматтардың елді басқаруға ықпал ету мүмкіндігі артты. Мәжіліс депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау қайтарылды. Бірмандатты округтен сайланған депутаттарды кері шақыру құқығы енгізілді. Ауыл, аудан және қалалық акимдерді халық тікелей сайлайтын болды, облыс әкімдері маслихаттардың келісімімен балама негізде тағайындалады. Бұл өзгерістер билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтты.
 
 Саяси партияларды тіркеу айтарлықтай жеңілдетілді – олардың санына қойылатын шек төмендетілді. Бұл саяси аренада жаңа партиялардың пайда болуына әкелді. Партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота енгізілді. Мұның бәрі көппартиялықты және саяси бәсекелестікті дамытуға бағытталған.
 
 Реформаның негізгі элементтерінің бірі – тәуелсіз Конституциялық Соттың қайта құрылуы. Ол 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысын бастады және заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерді қарау, Конституция нормаларын ресми түсіндіру сияқты құзыреттерге ие болды. Енді кез келген азамат сот сатыларынан өткен соң Конституциялық Сотқа жүгіне алады.
 
 Конституциялық реформа Адам құқықтары жөніндегі уәкілге (омбудсменге) конституциялық мәртебе берді. Оның тәуелсіздігі мен иммунитеті Ата заңда бекітілді. Конституция деңгейінде өлім жазасына тыйым салынды. Сондай-ақ «жер және оның қойнауы халыққа тиесілі» деген жаңа норма енгізілді. Бұл ел байлықтарын басқаруда ұлттық мүдденің басымдығын айқындайтын символдық маңызды өзгеріс болды.
 
 Президент Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің жартысына дейінгі бөлігі кәмелетке толмаған барлық балалардың жеке есепшоттарына аударылады. 18 жасқа толғанда олар бұл қаражатты білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады. Бұл бастама әрбір жас қазақстандықтың болашағына инвестиция болып табылады.
 
 2023–2024 жылдардағы парламенттік және жергілікті сайлауларда жаңа партиялар сайлау науқанына қатысып, саяси алаңдағы бәсекелестікті арттырды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет ауылдар мен аудандардың тұрғындары өз әкімдерін тікелей сайлай бастады.
 
 Әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуы айтарлықтай артты. Партиялық тізімдердегі 30%-дық квота олардың заң шығару органдарындағы өкілдігін қамтамасыз етті. Бұл саяси мәдениетті жаңғыртуға жағдай жасады.
 
 2023 жылдан бастап Конституциялық Сотқа жүздеген азаматтық өтініш түсті. Бұл жаңа құқықтық тетіктің қажеттілігін және қоғамның сенімін көрсетеді.
 
 Конституциялық реформа саяси бәсекелестікті күшейтіп, азаматтық қатысу кеңістігін кеңейтіп, негізгі құқықтарды бекітті. Бұл Қазақстандағы демократиялық өзгерістердің декларация деңгейінен іс жүзінде жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
 
 Ең бастысы – реформалар елдегі саяси мәдениеттің эволюциясын бастады. Азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігі артты, мемлекеттік органдардың қызмет қағидаттары өзгеруде, қоғамда құқықтық сана мен әділеттілікке сұраныс күшейіп келеді.
 
 Қазақстан айқын бағытпен дамып келеді – демократияландыру жолымен, құқықтық мемлекет құру арқылы, онда әрбір азаматтың құқығы мен абыройы жоғары құндылық ретінде құрметтеледі. Конституция өзінің беріктігін дәлелдеді және бүгінгі күні де қазақстандық қоғамды алға жетелеп отыр.