Минск, 2025 жылғы 13 маусым - Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықов Беларусь Республикасының Дін және ұлттар істері жөніндегі уәкілі Александр Румакпен кездесті.
Әңгімелесу барысында тараптар конфессияаралық және этносаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын, сондай-ақ екі елдегі этномәдени бірлестіктердің қызметін жан-жақты қолдау қажеттігін атап өтті.
А. Румак қазақ диаспорасының Беларусьтің қоғамдық өміріне белсенді қатысуын, оның этносаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ республиканың көпұлтты мәдени палитрасын байытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Т. Жақсылықов Қазақстанның этносаралық және дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтары, атап айтқанда, 2025 жылы 30 жылдығы атап өтілген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен қызметі туралы айтты. Елші «Отандастар» қорының жұмысы, Елшіліктің Беларусьтегі қазақ диаспорасымен мәдени-ағартушылық жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастығы туралы хабардар етті.
Халықаралық дінаралық диалог мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Елшісі ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне дайындық туралы айтып берді.
Тараптар конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуға өзара мүдделілік білдірді.