
Минск, 4 маусым 2025 ж. – Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінде Беларусьтегі агроөнеркәсіптік апталығының аясында Қазақстан мен Беларусь өкілдерінің іскерлік кездесуі өтті.
Қазақстандық делегацияны Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры С.Жұрынова басқарды. Делегация құрамына Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің өкілдері, республиканың ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары мен Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің дипломаттары кірді.
Беларусь делегациясын Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Ю.Горлов басқарды. Келіссөздерге Беларусьтің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Богданов, сондай-ақ бейінді министрліктің қызметкерлері, республиканың агробизнес және ғылыми топтарының өкілдері қатысты.
Тараптар агроөнеркәсіптік саладағы екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтуды, Қазақстанда сүт-тауар кешендерін салу кезінде Беларусь технологиялары мен жабдықтарын қолдануды, АӨК саласында мамандар даярлау үшін бірлескен білім беру бағдарламаларын құруды, сондай-ақ KazAgro/KazFarm-2025 көрмелері шеңберінде 2025 жылғы қазанда Астанада алғашқы Қазақстан-Беларусь аграрлық форумын өткізуді талқылады.
Қазақстанда «Гомельагрокомплект» ААҚ, «Гомельагропромпроект институты» ААҚ және «Беллемживобъединение» АҚ сияқты жетекші Беларусь кәсіпорындарының технологияларын пайдалана отырып, «кілтке дейін» сүт-тауар кешенін салуға ерекше назар аударылды.
Министр Ю.Горлов Қазақстан Ресей мен Қытайдан кейінгі Беларусь ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушылардың ірі нарықтары ішінде үшінші орында тұрғанын атап өтті: «2025 жылдың алғашқы үш айында елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8%-ға өсті». Сондай-ақ, ол Беларусь серіктестермен өзінің технологияларымен және тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді: «Беларусь мамандары жобалаудан бастап іске қосу мен технологиялық қолдауға дейінгі барлық кезеңдерде жобаларды сүйемелдей алады».
Беларусьте сүт өндіруге арналған дамыған инфрақұрылым бар. Елімізде 1,6 мың қазіргі заманғы сүт-тауар кешені жұмыс істейді, олар сүт өнімдерінің жалпы көлемінің 80%-на дейін береді.