Мехико, 2025 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Елшілігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мексикалық ұшқыштардың 201-ші жауынгерлік эскадрильясына арналған монумент аясында гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Іс-шара көптеген халықтардың тарихының ажырамас бөлігіне айналған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге арналды.
Салтанатты рәсімге Мексика Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық Қорғаныс министрлігі мен Мехико қаласы мэриясының өкілдері, елде аккредиттелген дипломатиялық миссиялар, сондай-ақ Мексика мен Қазақстан азаматтары қатысты.
Естелік іс-шара барысында Жеңістің адамзаттың ортақ мұрасы ретіндегі тарихи маңыздылығы ерекше атап өтілді. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтары үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де ауыр сынақ болды. 1,2 миллионнан астам қазақстандықтар майданға аттанды, олардың жартысынан астамы құрбан болды.
Мексиканың Жеңіске қосқан үлесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар Тынық мұхиты майданында соғысқан Мексика әуе күштерінің 201-ші жауынгерлік эскадрильясының батырларын еске алды. Бұл жасақ фашизмге қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың символына айналды.
Қазақстан Республикасының Елшілігі тарихи ақиқатты сақтаудың маңыздылығын және өткен қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін әлемдік қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің қажеттілігін атап өтті. Қазақстан қазіргі және болашақ ұрпақ үшін тұрақты әрі қауіпсіз келешек үшін халықаралық диалогты, ынтымақтастықты және бейбітшілікті нығайтуды үнемі қолдайды.