Мехико, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстан мен Мексика арасындағы спорттық ынтымақтастығын дамыту және нығайту мақсатында Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Мексика Бокс федерациясының Президенті Оскар Контрерас Гонсалеспен кездесті.
Кездесу барысында әуесқой бокс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары мен перспективалары талқыланды. О.Контрерас қазақстандық ерлер мен әйелдер боксшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол Мексикада қазақстандық боксшылар туралы жақсы білетіндігін және олардың кәсіби мен әуесқой жарыстардағы нәтижелері елдің аталған спорт түріндегі жоғары әлеуетін көрсететін атап өтті.
Сонымен қатар, мексикалық тарап екі елдің бокс федерациялары арасында берік байланыс орнатуға мүдделілік білдірді.
Өз кезегінде, Елші А.Тұрғанбеков ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, бірқатар бастамаларды, соның ішінде делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыруды, әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды, сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында бірлескен жаттығулар мен көрме жекпе-жектерін өткізуді ұсынды.
Мексика Бокс федерациясының Президенті ұсынылған бастамаларды қолдап, мексикалық тараптың AIBA (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) қамқорлығымен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру үшін қажетті алаңдарды ұсынуға дайын екендігін растады.
Кездесу жергілікті бокс федерациясының жаттығу лагеріне экскурсиямен бірге достық және сындарлы ахуалда өтті. Сұхбат қорытындысы бойынша тараптар бокс саласындағы байланыстарды нығайтуда бірлескен жұмыс жөнінде тұрақты байланыстарды қолдауға уағдаласты.