Мехико, 2025 жылғы 12 сәуір – Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшілігінде көктем, жаңару, бейбітшілік пен келісім символы – Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қазақстанның Мексикадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков құттықтау сөзінде Наурыздың еліміздің қоғамдық және мәдени өміріндегі ерекше рөліне назар аударып, оның түрлі этностардың өкілдерін біріктіретін, достық пен ұлтаралық келісім рухын нығайтатын мереке ретіндегі маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында қатысушыларға Қазақстанның табиғи және сәулеттік көрікті жерлерін көрсететін фотокөрме ұсынылды. Сонымен қатар, қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттауға бағытталған конкурстық бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтардың назарын дәстүрлі дастархан аударды, оның ішінде Наурыз көже, бауырсақ, қуырдақ және басқа да тағамдар бар.
Іс-шараның мәдени атмосферасын қазақ және мексика стиліндегі шығармаларды орындаған «Grupo Mezme» мексикалық ансамблінің музыкалық қойылымы толықтырды. Аталған топ бұған дейін Астана қаласында 2024 жылдың қыркүйегінде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өз бағдарламаларын ұсынған болатын.
Мерекелік күннің айрықша оқиғасы – алғашқы қадамдарын жасап жатқан балаға – қазақтың ежелгі «тұсау кесу» рәсімін өткізу болды. Салтты Елші А.Тұрғанбеков жүргізіа, дәстүрлі батаны оқып, балаға және оның ата-анасына бейбітшілік, денсаулық пен жарқын болашақ тіледі.
Ұлыстың ұлы күні Мексикадағы қазақстандық диаспора үшін маңызды оқиға болды. Бұл отандастарға ұлттық дәстүрлерге куә болуға және Отанмен байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Қатысушылар Елшілікке іс-шараны ұйымдастырғаны және мерекелік ахуал үшін алғыстарын білдірді.