2025 жылғы 8 сәуірде Мехико қаласында Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) Президенті Маурисио Сулайманмен бокстан бірінші дүниежүзілік кубок – «Riyadh Season WBC Boxing Grand Prix» атты баспасөз конференциясы аясында кездесті.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен WBC ұйымы арасындағы кәсіби бокс саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Жас таланттарды қолдау, бірлескен спорттық іс-шараларды өткізу, сондай-ақ қазақстандық боксшыларды әлемдік аренада ілгерілету мәселелері де қозғалды.
Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) ү.ж. 17-20 сәуірде өтетін алдағы «Riyadh season WBC Boxing Grand Prix» турниріне ерекше назар аударылды. Жарысқа 17-ге жуық қазақстандық былғары қолқап шеберлері қатысады.
Кездесу жылы және достық атмосферада өтті. Оның қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен WBC арасындағы спорттық байланыстарды нығайтуды жалғастыруға уағдаласты.
«WBC» туралы анықтама: Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) – штаб-пәтері Мехико қаласында орналасқан әлемдегі ең беделді кәсіби бокс ұйымы. 1963 жылы құрылған WBC барлық салмақ дәрежелерінде чемпиондық жекпе-жек өткізеді.