Мехико, 2025 жылғы 13 наурыз – Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Мексика Сыртқы істер министрінің орынбасары Мария Тереза Меркадомен кездесті.
Кездесу шеңберінде түрлі салалардағы Қазақстан-Мексика ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды.
Өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін орасан зор әлеуетке ие екендігін атап өтіп, Астана мен Мехико Орталық Азия мен Латын Америкасы өңірлеріндегі негізгі әріптестер екенін тағы да растады.
Сұхбат барысында дипломаттар парламентаралық диалогты жандандыру және Қазақстан мен Мексиканың сыртқы саяси ведомстволары арасында кезекті саяси консультациялар өткізу жоспарларын ортаға салды.
Өз кезегінде, Министрдің орынбасары М.Т.Меркадо мексикалық Үкімет Қазақстан елордасында Мексиканың дипломатиялық өкілдігін ашуға ерекше мән беретініне тоқталып, бұл қадам мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарға жаңа серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылын нығайтуға баса назар аударылды. Осыған байланысты Елші А.Тұрғанбеков мексикалық тарапты ү.ж. мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Бұған қоса, сұхбаттасушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары төңірегінде тұрақты байланыстарды сақтауға уағдаласты.