Мексикалық бизнес Астана халықаралық форумына қатысуға қызығушылық танытады

Мексикалық бизнес Астана халықаралық форумына қатысуға қызығушылық танытады

2024 жылғы 8 сәуірде Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Тимур Пірімбетов Мексиканың «Grupo Salinas» атты ірі қаржы корпорациясы мен медиа-холдингінің директорлар кеңесінің Вице-президенті Бенхамин Салинас Садамен және «Grupo Salinas» Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Мигель Анхель Орозко Десамен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мексика арасындағы қаржы және банк қызметтері, сақтандыру, телекоммуникация және энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Осы салалардағы өзара іс-қимыл екі ел арасындағы қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарға елеулі қосымша болатыны атап өтілді.

Т.Пірімбетов «Grupo Salinas» басшылығын Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері және біздің Үкімет шетелдік инвесторлар мен компаниялар үшін ұсынатын инвестициялық кепілдіктер туралы хабардар етті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы ақпарат берді.

Б.Салинас Сада, өз кезегінде, Қазақстан мен Мексика арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудағы елеулі әлеуетті атап өтті.

Еліміздегі алдағы Астана халықаралық форумына ерекше назар аударылды.  «Grupo Salinas» басшылығы бұл іс-шараға қатысуға үлкен қызығушылық білдіріп, оны қазақстандық кәсіпкерлермен тікелей іскерлік байланыс орнатудың бірінші кезектегі және маңызды қадамы ретінде қарастырды.