Еуропалық депутаттар Қазақстандағы реформаларды қолдап, арнайы декларация қабылдады

Еуропалық депутаттар Қазақстандағы реформаларды қолдап, арнайы декларация қабылдады

Страсбург, 2021 жылғы 4 қазан – Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) күзгі сессиясы барысында бір топ еуропалық депутаттар «Қазақстандағы саяси реформа өз азаматтарының қажеттіліктері мен ұмтылыстарына жауап береді» атты декларацияға қол қойды.

Құжатта (https://pace.coe.int/en/files/29508/html) ЕКПА депутаттары «Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасына қол қою арқылы Қазақстан билігінің өлім жазасын толығымен жою туралы шешімін құптайды».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөйлеген сөзін оң бағалай отырып, депутаттар оның қабылдаған шешімі «ЕКПА құндылықтары мен қағидаттарына сәйкес келеді», сондай-ақ «Қазақстанның осы қатыгез жазамен күресуге және оны жоюдың өсіп келе жатқан үрдісін ұстануға бел буғанын куәландыратынын» атап өтті.

2019 жылы 4 сәуірде ЕК Министрлер комитеті қабылдаған «Қазақстанмен тату көршілік ынтымақтастық басымдықтары» құжатына сілтеме жасай отырып, еуропалық депутаттар Қазақстанды «Еуропа кеңесінің маңызды серіктесі» деп атады.

Декларацияға Германия, Ұлыбритания, Нидерланд, Испания, Италия, Литва, Польша, Әзербайжан, Армения, Украина, Болгария, Румыния және Финляндия секілді елдерден ЕКПА-ға мүше 23 депутат қол қойды. Құжатқа қол қойған парламентшілер біршамасы ЕКПА ішіндегі ірі саяси топтарды басқарады.