
Мехико, 2026 жылғы 11 наурыз – Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрганбеков Латын Америкасы және Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу агенттігі (ОПАНАЛ) штаб-пәтеріне барып, ұйымның жаңадан сайланған Бас хатшысы Хуан Карлос Охедамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт (ОАЯҚТШ) төрағасы ретінде ОПАНАЛ-мен көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Елші А.Тұрғанбеков ядролық қарудан азат әлем қалыптастыруға бағытталған бастамаларды ілгерілетуде ОПАНАЛ-дың маңызды рөлін атап өтіп, ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы қазақстандық бастамаларды тұрақты қолдағаны үшін ұйым Хатшылығына ризашылығын білдірді. Осы тұрғыда 2024 жылғы желтоқсанда ОПАНАЛ мен ОАЯҚТШ арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуының маңыздылығы атап өтілді.
Өз кезегінде Бас хатшы Х.Охеда Астананың Орталық Азияда да, жаһандық деңгейде де ядролық қарудан азат күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге қосқан үлесі мен күш-жігерін жоғары бағалады. Ол қазақ тарапты ұйымның ағымдағы қызметі туралы хабардар етіп, ОПАНАЛ мен ОАЯҚААШ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстарын таныстырды.
Тараптар ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы өзара іс-қимылды таратпау және қарусыздану салаларында одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытатынын растады.
Сұхбат барысында А.Тұрғанбеков Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына да назар аударып, осыған байланысты ядролық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді азайту мақсатында халықаралық күш-жігерді одан әрі шоғырландырудың қажеттігін баса айтты.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ сұхбаттасушысын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық және саяси реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырып, 2026 жылғы 15 наурызда елде Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін атап өтті. Аталған реформалар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев жүзеге асырып отырған дәйекті саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерістерінің жалғасы екені айтылды.
Бұдан бөлек, А.Тұрғанбеков алдағы уақытта Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық іс-шара – 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит туралы хабарлады. Бұл саммит Орталық Азия елдерінің күш-жігерін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен серіктестікте біріктіріп, ортақ экологиялық шешімдер әзірлеуге бағытталған.
Х.Охеда Қазақстандағы қазіргі оқиғалардан хабардар екенін атап өтіп, аталған іс-шараға қатысуға қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында тараптар тұрақты диалогты жалғастырып, Қазақстан мен ОПАНАЛ арасындағы ядролық қаруды таратпау саласындағы әріптестікті одан әрі нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға өзара ниет білдірді.