Қазақстан мен Мексика сыртқы саяси өзара іс-қимылдың басымдықтары мен Қазақстандағы реформалардың барысын талқылады

Қазақстан мен Мексика сыртқы саяси өзара іс-қимылдың басымдықтары мен Қазақстандағы реформалардың барысын талқылады

Мехико, 2026 жылғы 19 ақпан – Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков пен Мексика Сыртқы істер министрлігінің Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс жөніндегі Бас директоры Анибал Гомес Толедо арасында кездесу өтті.

Келіссөздер барысында тараптар пікір алмасып, 2026 жылға арналған екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыруға қатысты мәселелерді ортаға салды. Екіжақты диалогтың жүйелі дамуы және оны одан әрі тереңдетуге тараптардың мүдделілігі атап өтілді.

Құрметті консулдар институтын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. А.Тұрғанбеков Қазақстан Елшілігі аталған тетікті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтіп, оны сауда-экономикалық, гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты жандандырудың тиімді құралы ретінде қарастыратынын жеткізді.

Тараптар парламентаралық өзара іс-қимылдың жандануын, соның ішінде 2025 жылы екі ел парламенттерінде «Қазақстан – Мексика» достық топтарының құрылуын және олардың арасында алғашқы онлайн-кездесудің өткізілуін жоғары бағалады.

Елші А.Тұрғанбеков Қазақстандағы конституциялық және саяси реформалардың негізгі ережелерін таныстырды. Ол конституциялық өзгерістердің мазмұны мен Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы туралы жан-жақты ақпарат беріп, 2026 жылғы 15 наурызда елімізде Ата заңға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін хабардар етті. Аталған реформалар жаңа геосаяси шынайылықтарды ескеріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың жалғасы екені баса айтылды.

Өз кезегінде А.Гомес Толедо мексикалық тарап Қазақстанда болып жатқан үдерістерді мұқият бақылап отырғанын және жүргізіліп жатқан реформалардың тәжірибесіне қызығушылық танытатынын атап өтті. Осыған байланысты, ол референдум кезінде халықаралық байқаушылардың жұмысын ұйымдастыру тәртібі және мексикалық тараптың қатысу мүмкіндігі туралы қызығушылық білдірді.

Елші Қазақстанның халықаралық байқауға ашық екенін растап, тиісті рәсімдер жөнінде мексикалық тарапқа қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыртқы саяси ведомстволар желісі бойынша үйлестіруді жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған практикалық қадамдарды пысықтауға уағдаласты.