Түркі мемлекеттері ұйымы мен CIMMYT өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Түркі мемлекеттері ұйымы мен CIMMYT өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Эль-Батан, 2025 жылғы 5 қараша – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Мексикадағы жұмыс сапары барысында Халықаралық жүгері және бидайды жақсарту орталығы (CIMMYT) директоры Брам Говаерцемен келіссөздер жүргізді. Келіссөздерге Мексикадағы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің, атап айтқанда, Әзербайжан, Қазақстан және Түркия елшіліктерінің өкілдері де қатысты.

CIMMYT штаб-пәтерінде, Мехико штатындағы Эль-Батан қаласында, CIMMYT директоры Б.Говаерц ТМҰ делегациясын ұйымның тарихы мен қазіргі қызметімен таныстырды. CIMMYT ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын жақсарту, ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу және аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша жобаларды жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, ТМҰ делегациясы CIMMYT-тің биотехнологиялық зертханасын көрді. Онда орталықтың мамандары заманауи талдау және өсімдік селекциясы әдістерін көрсетті. Содан кейін қонақтарға климаттық және биологиялық сынақтарға төзімді жаңа жоғары өнімді бидай және жүгері сорттарын дамыту нәтижелерін көрсету мақсатында тәжірибелік алқаптар бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ және CIMMYT басшылары ауыл шаруашылығы инновациялары мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Меморандумға қол қою ТМҰ-ға мүше мемлекеттер үшін екпе дақылда технологиялар алмасу және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп ТМҰ Бас хатшысы К.Омуралиев атап өтті.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, тараптар агротехнологиялар, ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларына жәрдемдесуге, сондай-ақ ТМҰ мүше мемлекеттердің профильді ведомстволары, ғылыми институттары мен сарапшылары арасында алмасу шараларын өткізуге уағдаласты.

К.Омуралиевтің CIMMYT штаб-пәтеріне жасаған сапары азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты даму саласындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болды. Бұл мәселелер Түркі мемлекеттері ұйымының ұзақ мерзімді күн тәртібінде орталық орын алады.