Қазақстанның стратегиялық рөлі Испаниядағы академиялық пікірталастың өзегінде

Қазақстанның стратегиялық рөлі Испаниядағы академиялық пікірталастың өзегінде

Мадрид – Кадис, 2025 ж. 15 мамыр – Кадис университетінде Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша халықаралық зерттеулер орталығы ұйымдастырған «Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі» тақырыбындағы конференция өтті.

Іс-шара барысында Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев сөз сөйлеп, Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен орнықты дамуға қолдау көрсету бағытындағы халықаралық сахнадағы бастамаларын таныстырды.

Елші өз сөзінде Қазақстанның көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін айқындайтын «Астана халықаралық форумы» (AIF2025) мен БҰҰ аясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамаларына ерекше назар аударды.

Өңірлік күн тәртібі туралы айта келіп, қазақстандық дипломат Орталық Азияның жаһандық үдерістердегі өсіп келе жатқан маңыздылығын және Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұмтылысын атап өтті. Осы тұрғыда Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды кеңейтудің перспективалық бағыттарының бірі ретінде Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКМ) дамытудағы рөліне айрықша мән берілді.

Конференцияға қатысушылар Қазақстанның өңірдегі сындарлы рөліне тоқталып, елдің ЕО-ның негізгі серіктесі ретіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ пікірталас аясында Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі мен халықаралық қатынастар жүйесіндегі «орта держава» ретінде орнығуы оң бағаланды.