Мадрид, 2025 ж. 25 наурыз – Халықаралық су ресурстары күні аясында Испаниядағы Қазақстан Елшілігі, Испания СІМ-не қарасты «Азия үйі» ұйымы және Испанияның Жоғары ғылыми зерттеулер кеңесі (CSIC) бірлесіп Арал теңізі мәселесіне арналған форум өткізді.
Форум барысында Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мусаев өз сөзінде Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Арал теңізін қалпына келтірумен белсенді түрде айналысып келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта 1993 ж. Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылғанын және қазіргі уақытта бұл Ұйымға еліміз төрағалық етіп жатқанын мәлімдеді. Елшінің айтуынша, Көкарал бөгетінің салынуы Солтүстік Арал аймағындағы экологиялық жағдайдың едәуір жақсаруына ықпал еткен. Бұл гидротехникалық құрылым су деңгейінің көтерілуіне және жергілікті халыққа экономика мен ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер берген.
Конференция барысында Каталонияның ғылыми коммуникация қауымдастығы (ACCC) сыйлығына ие болған «Теңіз туралы естеліктер» (Memorias del Mar) деректі фильмі көрсетілді. Фильмде Арал теңізінің құрғаған түбіне ғылыми экспедициямен аттанған ғалымдар тобының көміртек айналымын және оның климаттың өзгеруіне әсерін зерттеу мақсатындағы жұмыстары баяндалады.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, әлемдік қауымдастықты Арал теңізі проблемасын шешуге белсенді қатысуға шақырды. Қазақстан Елшісі мұндай бастамалар халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қауымдастықтың назарын осы экологиялық апатқа аударуға көмектесетініне, сондай-ақ өңір экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен жобаларды әзірлеуге ықпал ететініне үміт білдірді.