Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа 15 жыл

Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа 15 жыл

Мадрид, 2024 ж. 19 ақпан – Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімнің 15 жылдығы аясында Қазақстанның Испаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев Испанияның Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрі кабинетінің директоры Серхио Куеста Францискомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сұхбаттасушылар бұл келісім ұзақ мерзімді әріптестік үшін негіз қалап, екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Осы жылдар ішінде мағыналы саяси диалог нығайтылды, сауда-экономикалық байланыстар кеңейтілді, мәдени-гуманитарлық салада және көпжақты алаңдарда ынтымақтастық тереңдей түсті.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар бойынша ортақ жұмыс жоспарына көз жүгіртіп, сондай-ақ Қазақстанда түрлі салаларда іске асырылып жатқан реформалар мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Келіссөздердің жеке тақырыбы екі ел үшін мерейтойлық жылы Испания Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрі Хосе Мануэль Альбарестің Қазақстанға ресми сапарын ұйымдастыру болды.

Кездесу соңында әңгімелесушілер алдағы іс-шараларды іске асыру үшін тұрақты байланыста болуға келісті.