Қазақстан және Испания парламентшілері адам саудасымен күресу бойынша тәжірибе алмасты

Қазақстан және Испания парламентшілері адам саудасымен күресу бойынша тәжірибе алмасты

Мадрид, 2023 ж. 19 қазан – Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің қолғабысымен Испания Сенатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Башимов пен Павел Казанцевтің испандық сенатор Мария Диегомен кездесуі өтті.

Тараптар екі мемлекеттің заң шығарушы органдарының қызметі, сондай-ақ адам саудасына қарсы күрес тәжірибесі туралы ақпарат алмасты.

М.Диего Испанияда бұл саладағы қылмыспен күресетін арнайы заңның жоқтығын айтты. Дегенмен, көші-қонға қатысты басқа да бірқатар заңдарда, министрліктер мен ведомстволардың жеке хаттамаларында, сондай-ақ елдің Қылмыстық кодексінің кейбір нормаларында адам саудасымен күресудің тиімді тетіктері бар.

Өз кезегінде қазақстандық парламентшілер Қазақстан адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күрестің үздік әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша әңгімелесушілер аталған мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және жақын арада кеңейтілген форматта онлайн кездесу өткізуге келісті.