Еуроодақпен стратегиялық серіктестікті кеңейту бойынша диалог жалғасуда

Еуроодақпен стратегиялық серіктестікті кеңейту бойынша диалог жалғасуда

Астана, 2022 жылғы 16-17 қараша – Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы (1993 ж. 2 ақпан) қарсаңында Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл Қазақстанға ресми сапармен келді.

Сапар шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жозеп Борреллмен кездесуі өтті. Келіссөздер ашық, достық және сындарлы сипатта өтіп, жоғарғы деңгейдегі белсенді диалогтың дәйекті жалғасы болып табылады. Ү.ж. 26-27 қарашада Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің Орталық Азия басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің алғашқы кездесуіне қатысу мақсатында Қазақстанға сапары өткізілгені мәлім.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің де ЕО дипломатиясының басшысымен кездесуі өтті. Бұл кездесуге бірқатар ҚР министрліктерінің және ұлттық компанияларының басшылары қатысты.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді толық және тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аудара отырып, барлық басым бағыттар бойынша сұхбатты одан әрі нығайту мәселесі болды.

Тараптар өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиялары және Азия мен Еуропа арасындағы өзара байланыс, сондай-ақ ЕО-ның «Жаһандық қақпа» бастамасы аясындағы халықаралық көлік дәліздердің дамуы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік пен логистика және т.б. салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, «жасыл» экономикаға көшуге, энергия тиімділігін арттыруға назар аудара отырып, сауда-экономикалық саладағы сұхбатты одан әрі әртараптандыруға бағытталған ынтымақтастықты тереңдету үшін қадамдар талқыланды.

М. Тілеуберді Қазақстан мен ЕО арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті. «Соңғы үш онжылдықта Қазақстан мен Еуропалық одақ сенімге және өзара құрметке негізделген берік қарым-қатынастар құрды», - деп мәлімдеді ол.

Еуропалық одақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. Бұл тұрғыда ү.ж. 7 қарашада Шарм эль-Шейх қаласында қол қойылған ҚР-ЕО арасындағы шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік туралы меморандумның маңызы атап өтілді. Аталған құжат Қазақстанның ЕО өнеркәсіптік одақтарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуға оң ықпал етеді.

Сұхбаттастар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы диалогты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Ж. Боррелл Қазақстанда елді саяси жаңғырту мақсатында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қанағаттанушылықпен атап өтіп, ел басшылығының «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы күш-жігеріне қолдау білдірді.