Қазақстанның сыртқы саясаты Андорра дипломаттарының назарында

Қазақстанның сыртқы саясаты Андорра дипломаттарының назарында

Андорра-ла-Велья-Астана-Мадрид, 2022 жылғы 14 қараша – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Андорра Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне, оның ішінде князьдіктің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне Қазақстанның сыртқы саясаты туралы онлайн-дәріс оқыды.

Іс-шараны ашқан Андорра Сыртқы істер министрі Мария Убах Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазіргі ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалап, елімізге алдағы кезектен тыс президенттік сайлауды сәтті өткізу туралы тілектерін білдірді.

Р.Василенко Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты одан әрі нығайту, Ресей, Қытай, АҚШ пен Еуропалық одақпен және басқа әріптестермен ынтымақтастықты тереңдету басты назарда болып отырған ҚР сыртқы саясатының негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Еуроодақпен тиімді ынтымақтастық жандандырылып жатқаны, атап айтқанда, Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Астанаға жақында болған сапары, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің Шарм-эль-Шейхте өткен COP27 саммиті аясында кездесуі, сондай-ақ ЕО Сыртқы істер және қорғаныс саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Борреллдің алдағы күндері өтетін сапарына дайындық атап өтілді.

Қазақстанның белсенді сыртқы саяси қызметі туралы айта келіп, Р.Василенко соңғы екі айда ғана елімізде бірқатар маңызды форумдар мен сапарлар, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі, АӨСШК VI Саммиті, ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесі, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік сапарлар аталды.

Андоррамен екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы айта келе, Министрдің орынбасары оның тұрақты серпінді сипатын, оның ішінде ең жоғары және жоғары деңгейде тиімді байланыстарды атап өтті. Осылайша, ү.ж қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы аясында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Андорра Үкіметінің басшысы Ксавьер Эспотпен кездесті, тамыз айында Андорра СІМ басшысы М.Убахтың Қазақстанға екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапары өтті, сонымен қатар, наурызда ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Андорра астанасында өткен БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының 11-ші Дүниежүзілік қысқы және тау туризмі конгресіне қатысып, князьдік басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді.

Вебинар барысында Р.Василенко мен М.Убах Андорра сыртқы істер министрінің тамыз айында Астанаға сапары барысында Қазақстан-Андорра қарым-қатынастары тарихындағы алғашқы қол қойылған және заңнамалық базаның басын бастаған визалық талаптардан өзара босату туралы үкіметаралық келісімді тағы да атап өтіп, құжат елдер арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін негіз болады деген пікір білдірді.

Іс-шараның нәтижесінде тараптар екіжақты байланыстарды нығайту, халықаралық құрылымдарда өзара қолдау көрсету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға өзара дайын екендігін білдірді, сондай-ақ келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 15 жыл толуына орай (2023 ж. 30 қаңтар) Қазақстанда Андорра күнін және Андоррада Қазақстан күнін ұйымдастыру ниетін растады.