22 маусымда Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толады

22 маусымда Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толады

Екінші дүниежүзілік соғыс КСРО-ның басқа халықтарымен және антигитлерлік коалициямен бірге соғыс уақытындағы барлық ауыртпалықтар мен қиыншылықтарды өз мойнында көтерген Қазақстан үшін үлкен сынақ болды.

1,2 млн қазақстандықтар майдан қақтығыстарында ерлікпен шайқасты, 610 мың сарбаздар мен офицерлер өз өмірлерін қиды, 500-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды, Қазақстанның 200 тумасы Даңқ орденінің толық иегерлері болды. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен батальон құрылды.

Қазақстан майданды қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды.  Әскери мақсаттар үшін 150 мың жылқы, киім мен азық-түлік салынған бір жарым мың вагон жіберілді. Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінен жүздеген өнеркәсіптік өндіріс орындары эвакуацияланды. Соның негізінде республикада 460 зауыт, фабрикалар, шахталар және басқа да өндіріс орындары құрылды. Кәсіпорындардың барлығы дерлік әскери мақсаттағы өнімдер шығаруға көшті. Кеңінен танымал мәлімет: он оқтың тоғызы Қазақстанда құйылған.

Біздің еліміз оккупацияға ұшыраған аумақтардан 532 мыңнан астам адамды және 2,5 миллион мәжбүрлеп жер аударылған азаматтарды қабылдады.

Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге үлкен қамқорлықпен қарайды. 2020 жылдың мамыр айында әлеуметтік қолдау көрсетудің ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін анықтайтын «Ардагерлер туралы» заң қабылданды. Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын Ұлы Отан соғысының 665 қатысушысы ғана қалды.

Біздің елімізде Еуропа және бүкіл әлем халықтарының ерлігі, бізбен бірге нацизмді жеңіп, болашақ ұрпаққа бейбітшілік сыйлаған барлық елдер жоғары бағаланады.

Осы ұмытылмас күнде Қазақстан халқына үндеуінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев, «Қазақстаннан аттанған әрбір екі жауынгердің бірі тарихтағы ең қанды соғыстың майданында қаза тапты. Олардың ғажайып ерлігі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Мұндай қасіретке ешқашан жол бермеу – барша адамзаттың міндеті»,  - деп атап өтті.