Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде Қара теңізде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды коммерциялық негізде тасымалдауды жүзеге асырған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (ҰҰА) жасалған шабуылдарды қатаң айыптайды.

Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде бағалаймыз.

Барлық мүдделі тараптар арасында Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың бұрын келісілген тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Соның салдарынан аталған кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірілді.

Қазақстан бұл шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутектерді экспорттауға пайдаланылатын инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді.

Біз серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды ашық әрі бірмәнді түрде айыптауға және барлық мүдделі тараптарды осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған нақты практикалық шараларды бірлесіп әзірлеуге шақырамыз. Тек халықаралық құқық қағидаттарын қатаң сақтау ғана мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп нық сенеміз.

Қазіргі уақытта Қазақстан келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Бағалау аяқталғаннан кейін Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау мақсатында халықаралық құқыққа сәйкес өзіне тиесілі барлық құқықтарды, оның ішінде келтірілген залалдың толық өтелуін талап ету құқығын өзінде қалдырады.

Қазақстан Республикасы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің баламасы жоқ екенін атап көрсетеді және халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне, сондай-ақ халықаралық көлік, логистика және энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілділігін тағы да растайды.