Қазақ делегациясы Испанияның сот кадрларын даярлау және сот жүйесін басқару тәжірибесімен танысты

Қазақ делегациясы Испанияның сот кадрларын даярлау және сот жүйесін басқару тәжірибесімен танысты

Мадрид, 2026 ж. 8-11 маусым – ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Е. Жиенбаев бастаған қазақ делегациясы сот кадрларын даярлау және сот жүйесінің қызметін ұйымдастыру саласындағы озық тәжірибені зерделеу мақсатында Испания Корольдігіне жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Испанияның Құқықтық зерттеулер орталығының, Испания Жоғарғы Сотының, Ұлттық сот палатасының, сондай-ақ Испания Судьялар мектебінің басшылықтарымен кездесулер өтті. Кездесулер барысында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін даярлау, сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету, соттардың тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері талқыланды.

Қазақстандық делегация үшін Испания Әділет министрлігіне қарасты сот жүйесі кадрларын даярлауға маманданған Құқықтық зерттеулер орталығының, сондай-ақ судьяларды даярлаудың көпсатылы жүйесін жүзеге асыратын Испания Судьялар мектебінің тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар сот білімі, сот төрелігін цифрландыру, жасанды интеллектті қолдану және кәсіби тәжірибе алмасу салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік білдірді. Орнатылған байланыстар Қазақстан мен Испанияның сот және құқықтық институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.