Мадрид, 2026 ж. 28 мамыр – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мусаев Испания Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және азық-түлік министрі Луис Планаспен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Елші Қазақстанның ауыл шаруашылығы ресурстарының ауқымын, агроэкспорттың тұрақты өсімін және елдің Орталық Азия, Қытай және Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына қолжетімділігін атап өтті.
Осы орайда Қазақстан мен Испания арасындағы мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және заманауи агротехнологияларды енгізу салаларындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуеті бар екені айтылды.
Өз кезегінде министр Испанияның Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады, оның ішінде екі елдің салалық ведомстволары, ғылыми орталықтары және іскерлік топтары арасындағы байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, қазіргі екіжақты әлеует толық пайдаланылмай отыр және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер бар.
Тараптар сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша екіжақты сауданың оң динамикасын атап өтіп, тауар айналымын арттыру және өзара жеткізілім номенклатурасын кеңейтудің маңыздылығын жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Л.Планас Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровты Испанияға жұмыс сапарымен келуге шақыру ниетін білдірді.