Испания Сенаты Қазақстандағы саяси реформалар бағытын қолдайтынын білдірді

Испания Сенаты Қазақстандағы саяси реформалар бағытын қолдайтынын білдірді

Мадрид, 2026 жылғы 22 сәуір – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Сенатының Сыртқы істер комитетінің төрағасы Пилар Рохомен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар қазақ-испан қатынастарының өзекті мәселелері мен оларды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Бұл ретте, парламентаралық байланыстардың оң серпіні, оның ішінде достық тобы аясындағы өзара іс-қимыл атап өтілді.

Д. Мұсаев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы хабардар етіп, республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелерін таныстырды. Осы тұрғыда ол жаңартылған Негізгі заң бір палаталы парламенттік модельге көшуді және саяси жаңғырудың жаңа кезеңін айқындайтынына назар аударды.

Өз кезегінде, испан сенаторы жүргізіліп жатқан өзгерістерге оң баға беріп, олардың елдің орнықты дамуы мен мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырудағы маңызын ескертті.

Сұхбаттасушылар парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделілік танытты.