
Мадрид, 2026 жылғы 2 наурыз – Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшісі Данат Мұсаев Испанияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Уго Моранмен кездесу өткізіп, оның барысында тараптар су ресурстары, экология және орнықты даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында Елші Қазақстанның су дипломатиясы және экологиялық оңалту саласындағы практикалық тәжірибесін таныстырды. Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру бойынша қол жеткізілген нәтижелерге, атап айтқанда су деңгейінің көтерілуіне, тұздылықтың төмендеуіне және балық шаруашылығының қайта жандануына ерекше назар аударылды. Бұл оң өзгерістер кешенді экологиялық жобаларды іске асырудың нәтижесінде мүмкін болды.
Сондай-ақ Каспий теңізі мәселелері бойынша халықаралық ғылыми ынтымақтастықты ілгерілетудегі Қазақстанның белсенді рөлі, оның ішінде су деңгейінің төмендеуіне мониторинг жүргізу және ден қою жөніндегі бірлескен тетіктерді қалыптастыру мәселелері атап өтілді.
Қазақстан тарапы 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында БҰҰ аясында өтетін Өңірлік экологиялық форумға дайындық барысы туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Елші испан тарапын алдағы Астана форумына қатысуға шақырды.