Мадридте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Мадридте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Мадрид, 2026 жылғы 24 ақпан – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Орталық Азия елдерінің экономикалық әлеуетіне арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі.

Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан елшіліктері Мадрид Сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Мадрид Сауда палатасының вице-президенті Ева Серрано Клаверо, «ESKZ GLOBAL» компаниясының бас директоры Адольфо Ромеро, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы делегациясының өкілі Джулия Баньерес, Транскаспий дәлізінің әлеуетін дамыту жөніндегі ЕО бағдарламасының сарапшысы Эмре Эрдоған, Өзбекстанның Испаниядағы Елшісі Фарух Турсунов, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ 90-ға жуық испан компаниялары мен іскерлік орта өкілдері қатысты.

Елші өз сөзінде Испания Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық ахуалы, шетелдік инвесторларға арналған жеңілдіктер мен Республиканың транзиттік әлеуеті туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар қазақстандық дипломат аудиторияның назарын Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның мемлекет дамуының ұзақ мерзімді негіздерін қалыптастырып, шетелдік инвесторлар үшін тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ететініне аударды.

Сауда палатасының вице-президенті өз кезегінде Қазақстан экономикасының өсу факторларын кеңінен талдап, жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде халықаралық қатынастардағы сенімді серіктес әрі Орталық Азиядағы жетекші экономика болып табылады.

Жалпы, испан компаниялары қазақстандық серіктестермен ықтимал ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Іс-шара қорытындысы бойынша 2026 жылғы мамырда Қазақстанға өңірлік компаниялардың іскерлік миссиясын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.