
Мадрид, 2026 жылғы 3 ақпан – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның конституциялық және жария құқық саласындағы жетекші сараптамалық институттарының бірі – Корольдіктің Әділет министрлігіне қарасты Саяси және конституциялық зерттеулер орталығының директоры Росарио Гарсиямен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Испания арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасып, құқықтық саладағы, сондай-ақ сараптамалық және аналитикалық құрылымдар деңгейіндегі байланыстарды кеңейтуге басымдық берді.
Елші Қазақстанның ауқымды саяси жаңғыру кезеңінен өтіп жатқанын атап өтіп, осы тұрғыда конституциялық реформаның негізгі бағыттарын, оның ішінде жаңа Конституция жобасының басты қағидаттарын таныстырды. Жаңа Ата заңның елдің мемлекеттілігін нығайтуға және институционалдық тұрақтылықты ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Сұхбат аясында тарихи сабақтастықты сақтау, ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі маңызына да ерекше назар аударылды. Испан тарапы ұсынылған тәсілдерге оң көзқарас білдіріп, олардың құқықтық жүйені дамыту мен институционалдық негіздерді нығайтудағы мәнін баса айтты маңызын атап өтті
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар мазмұнды диалогты жалғастыруға өзара қызығушылық білдіріп, бірлескен бастамаларды ілгерілету жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Анықтама: Саяси және конституциялық зерттеулер орталығы (CEPC) – Испанияның мемлекеттік ғылыми-зерттеу және сараптамалық мекемесі. Орталық конституциялық құқық, саяси институттар және қоғамдық-саяси үдерістер саласындағы зерттеулермен айналысып, құқықтық және институционалдық даму мәселелері бойынша еуропалық және ибероамерикалық кеңістікте академиялық және сараптамалық диалогты дамытуға ықпал етеді.