
Мадрид, 2025 жылғы 20 қараша – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Халықаралық бизнес университетінде (UNIE) академиялық қауымдастығы, соның ішінде басшылық, профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар алдында сөз сөйледі.
Кездесуді ашқан UNIE ректоры Сегундо Пирис іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, университеттің қазақ тарапымен тұрақты және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін білдірді.
Өз баяндамасында Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан жүйелі саяси жаңғыртуларға тоқталып, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың бағыты ретінде бір палаталы парламентке көшу мүмкіндігі талқыланып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан реформалардың демократиялық институттарды нығайтуға, саяси бәсекелестікті дамытуға және қоғамдық қатысуды арттыруға бағытталғаны жеткізілді.
Қазақ дипломаты елдің көпвекторлы, прагматизмге және сындарлы халықаралық өзара іс-қимылға негізделген сыртқы саясатының негізгі қағидаттарын таныстырды. Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты нығайтуға, бейбіт бастамаларды ілгерілетуге және жаһандық қауіпсіздік күн тәртібіне үлес қосуға бейілділігі атап өтілді.
Д. Мұсаев цифрлық трансформация мәселелеріне ерекше назар аударып, Қазақстанның өңірлік инновациялар мен жасанды интеллект орталығына айналуға ұмтылысын атап өтті. Ол әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі шаралармен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы қол жеткізілген нәтижелермен таныстырды.
Пікірталас барысында испандық білім беру ортасының өкілдері Қазақстандағы жаңғырту үдерістеріне, адам капиталын дамыту мәселелеріне, цифрлық технологияларға, сондай-ақ білім беру және ғылыми-инновациялық салалардағы қазақ-испан ынтымақтастығының перспективаларына қызығушылық танытты.