Тәуелсіздік бастауынан «орта державаға» дейін: Қазақстан испан білім беру ортасының назарында

Тәуелсіздік бастауынан «орта державаға» дейін: Қазақстан испан білім беру ортасының назарында

Мадрид, 2025 жылғы 17 қараша – Испанияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – «CEU San Pablo» университетінде Қазақстан Елшісі Данат Мұсаев гуманитарлық ғылымдар және қоғаммен байланыс факультетінің студенттеріне қонақ дәріс оқыды.

Өз сөзінде Елші Қазақстанның тәуелсіздік алуындағы негізгі кезеңдерге кеңінен тоқталып, мемлекеттік егемендікті айқындаған және елдігіміздің қалыптасуында шешуші рөл атқарған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығының маңызын жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанның демократиялық дамуының негізін қалаған Конституцияның 30 жылдығының маңыздылығын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан саяси реформалардың дәйекті ілгерілеуін атап өтті.

Сонымен қатар, Д. Мұсаев тыңдаушыларға Қазақстанның «орта держава» ретіндегі қазіргі сыртқы саяси бағытының басымдықтары туралы хабардар етіп, бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті ілгерілетудің, соның ішінде ядролық қарусыздану мәселенің маңыздылығына баса мән берілді. Қазақ дипломаты еліміздің бейбітшілікке бағытталған бастамалары және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясатының тұрақтылығы туралы айрықша айтты.

Бұдан бөлек, мәдени бірегейлікті сақтау, ұлтаралық келісімді нығайту және бейбітсүйгіштік құндылықтарына да назар аударылды. Осы тұрғыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және композитор Иса Байзақовтың 125 жылдығы сияқты мерейтойлық даталардың Қазақстанның рухани мұрасындағы орны ерекше екені айтылды.

Іс-шара соңында Елші Қазақстанның ішкі күн тәртібіне, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі қазақ-испан қатынастарының жағдайы мен дамуына қызығушылық танытқан студенттердің сұрақтарына жауап берді.