Мадрид, 2025 жылғы 16 қазан – Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) ректоры Б.Сабденалиев Испанияға сапары аясында Мадрид политехникалық университетінің Жолдар, арналар және порттар инженерлері жоғары мектебінің директоры Х.М. Атьенсамен кездесті.
Кездесу барысында ректор KazGASA университетінің қызметі, білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулері және халықаралық жобалары туралы ақпарат берді. Б.Сабденалиев студенттердің шетелдік университеттерде білім алуына, халықаралық тәжірибе жинақтауына және кәсіби құзыреттерін дамытуына мүмкіндік беретін «Қос диплом» және «Академиялық ұтқырлық» бағдарламаларының табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Х.М. Атьенса испандық университеттің тарихы мен қазіргі жетістіктері туралы хабарлады. Ол университеттің студенттер мен оқытушылар алмасуын, сондай-ақ бірлескен зерттеу бастамаларын қамтитын халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша KazGASA мен UPM арасында академиялық серіктестікті нығайтуға, білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар инженерлік және сәулет білімі, орнықты даму жобалары және студенттер мен оқытушыларға арналған алмасу мен тағылымдамалар бағдарламалары салаларында одан әрі ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаласты.