Мадридте ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Мадридте ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Мадрид, 2025 жылғы 10 қазан – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Д. Мұсаев Испанияның Ұлттық ғылыми-зерттеу кеңесінің (CSIC) вице-президенті И. Диаспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Испания арасындағы ғылыми және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың даму перспективалары, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) мен CSIC арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Елші Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ғылыми саясатты реформалау шаралары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданғаны, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемінің артқаны, жас ғалымдарды қолдау және халықаралық әріптестікті кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Испан тарапынан CSIC құрылымындағы пәнаралық зерттеулерді ұйымдастыру тәжірибесі ұсынылып, қазақстандық ғалымдардың Plataformas Temáticas Interdisciplinares (PTI) – жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған тақырыптық пәнаралық платформалар қызметіне қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Тараптар Қазақстан мен Испания ғылыми ұжымдарының Horizon Europe сияқты халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін, сондай-ақ бірлескен зерттеулер мен академиялық алмасулардың перспективаларын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау мақсатында алғашқы онлайн-кездесуді ұйымдастыруға өзара қызығушылық білдірді.