Лондонда Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы өтті

Лондонда Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы өтті

Лондон, 2023 жылғы 7 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың және Ұлыбританияның Бизнес және сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Лорд Доминик Джонсонның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 9-шы отырысы өтті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды.

Тараптар ҮАК өткен жылдағы қызметінің нәтижелерін қарастырды, сондай-ақ бұрын гибридті форматта 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы ақпанға дейін өткен жұмыс топтарының отырысының нәтижелері бойынша екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, энергетика, білім беру және т.б. салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстандық тараптың бастамасымен жаңартылатын энергия көздері саласындағы, сондай-ақ маңызды шикізат пен сирек жер металдары саласындағы ынтымақтастықты қолдау және дамыту мәселелері талқыланды.   

Кездесу барысында үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Қазақстан-Британ қарым-қатынасының серпінді және үдемелі дамуын атап өтті, сондай-ақ екі тараптың сауда-экономикалық, технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты басым бағыттарында дамыту арқылы әріптестікті кеңейтуге және нығайтуға ниетін растады.

Іс-шараның нәтижесінде ҮАК 9-шы отырысының Хаттамасына, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «AstraZeneca» фармацевтикалық компаниясы арасындағы Қазақстан Республикасының фармацевтикалық саласын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.