Қазақстан Елшісі Ұлыбритания Парламентінің Спикерімен кездесті

Қазақстан Елшісі Ұлыбритания Парламентінің Спикерімен кездесті

ЛОНДОН, 2021 жылғы 20 қазан – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының Cпикері cэр Линдси Хойлмен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылдың ахуалын талқылады.

Елші Е.Ыдырысов Ұлыбритания Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі болғанын атап өтті. Келесі жылдың қаңтарында екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы кезеңде екіжақты байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне жетіп, қазақстан-британ өзара іс-қимылдың тиімді құрылымдары орнатылды.

Спикер Л. Хойл екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықтың оң динамикасын құптады. Парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылай отырып, тараптар Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі британдық жалпыпартиялық парламенттік топтың тиімді жұмысын атап өтті, сондай-ақ парламенттік делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыру жөніндегі жұмысты 2022 жылы жалғастыруға келісті.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға ағылшын жалпы құқық қағидаттарына негізденетін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қысқа уақыт ішінде АХҚО инвесторлар үшін маңызды және тартымды алаңға айналды – онда 100-ден астам шетелдік компаниялар тіркелген.

Сонымен қатар екі елдің серіктестігі бірқатар маңызды іс-шаралармен нығайтылатыны атап өтілді. Бұл ретте Қазақстан атынан өкілдік делегацияның шотландтық Глазгода өтетін Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясына қатысуы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, АХҚО, ҚР Энергетика министрлігінің және т.б. қатысуымен Лондон қор биржасы алаңындағы инвестициялық форумы, сондай-ақ ү.ж. 3-5 қарашада Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-британ үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысына қатысу үшін Ұлыбритания делегациясының Қазақстанға сапары ерекше орын алады. Британдық делегацияны Халықаралық сауда жөніндегі мемлекеттік министр Ранил Джаявардена басқаратын болады.

Экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ туристер ағынын ұлғайту мақсатында Қазақстан азаматтары үшін Британдық визаларды алу рәсімдерін жеңілдету мәселесі жеке талқыланды.

 

Фото: UK Parliament/Jessica Taylor