Қазақстандық дизайнерлер Лондондағы сән көрсетілімге қатысты

Қазақстандық дизайнерлер Лондондағы сән көрсетілімге қатысты

ЛОНДОН, 2021 жылғы 20 ақпан – Қазақстандық дизайнерлер «Show the World How Great You Are!» атты виртуалды көрсетілім мен байқау аясында өздерінің күз-қыс 21/22 киім мен зергерлік бұйымдар топтамаларын таныстырды. Көрсетілімді «Silk Road Fashion London» бренді Лондон сән апталығы кезінде ұйымдастырды.

Қазақстанды көрсетілімде алты дизайнер өкілдік етті – Айдархан Қалиев («Aspara» бренді), Дана Әшімова («Dana Ashim»), Күлән Жанғутты («Balatay»), Нұрдос Әлиасқаров («Nurdos Jewellery»), Балғын Балтабаева («Balgyn Amirkhan») және Әлия Ғайсина («Aliya Sagdi»).

Онлайн-шараға сондай-ақ Беларусь, Италия, Кипр, Қырғызстан, Ұлыбритания және Франциядан дизайнерлер қатысты.

Көрсетілім алдында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов сөз сөйлеп, Қазақстан және көрмеге қатысатын басқа да бірқатар елдер биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ Азия мен Еуропаның тоғысында, ежелгі Жібек жолының жүрегінде орналасқан Қазақстан бүкіл әлем бойынша, сән индустриясын қоса алғанда, сауда және экономикалық байланыстардың дамуын құптап, оған атсалысатынына аудиторияның назарын аударды. Оның айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу осындай күрделі кезеңде саланың дамуын ынталандырып, халықаралық ынтымақтастық пен гуманитарлық байланыстарға ықпал етеді.

Е.Ыдырысов сән индустриясы әлемдік экономиканың ірі секторларының бірі екендігін атап өтіп, табиғи ресурстарды жауапты пайдалануға және қоршаған ортаға қамқорлық жасауға бағытталған осы саладағы тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударды.

Көрсетілім аясында 14 дизайнер бірегей бейнероликтерімен мәдениеттердің алуан түрлілігін, бұйымдарды дайындау процесін және Жібек жолы елдерінің бірегей табиғи және қалалық ландшафттарын көрсетті.

Көрсетілім аяқталғаннан кейін көрермендерге аты аңызға айналған Францияның қазақ моделі және Кристиан Диордың шабыты болған Алла Ильчун туралы режиссер Берлин Иришевтің деректі фильмінің трейлері көрсетілді.

Көрсетілімнен кейін екі күн өткен соң қазылар алқасы 5 номинация бойынша жеңімпаздарды жариялайды: экологиялық сән, заманауи өмірдегі этника, әр күн – стильді, ғажап гламур және үздік видео.

Алма Фармер басшылық ететін «Silk Road Fashion London» бренді Лондонда жыл сайын сән көрсетілімдерін ұйымдастыру арқылы осы алаңда танымалдылыққа ие болып, ежелгі Еуразияның мәдени және тарихи дәстүрлерін тарауға ықпал етуде. COVID-19 пандемиясына орай биыл көрсетілім онлайн режимінде өтті. Іс-шараның негізгі серіктестері «Aspara Fashion Week», «FabUK Magazine», «RussianUK Magazine» және «Scuderia Ferrari Club London» болды.

«Show the World How Great You Are!» көрсетілімінің бейнежазбасы мына сілтеме арқылы қолжетімді.