
Астана, 2026 жылғы 25 қыркүйек. 2026 жылғы 21–24 қыркүйек аралығында Қазақстанға Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасы мен Лордтар палатасының мүшелерінен құралған Парламентаралық одақтың Британ тобының делегациясы сапармен келді. Делегацияны Қауымдар палатасының Қорғаныс жөніндегі арнайы комитетінің төрағасы Тан Дэси басқарды.
Астанада британ парламентарийлері ҚР Құрылтайы Төрағасының орынбасары Н.Бекназаровпен кездесті. Тараптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және конституциялық реформаларды, парламентаралық өзара іс-қимыл перспективаларын және бейінді комитеттер арасындағы ынтымақтастықты талқылады. Н.Бекназаров делегацияның бір палаталы Құрылтай құрылғаннан кейін Астанаға келген алғашқы шетелдік парламенттік делегация болғанына байланысты бұл сапардың тарихи маңызын атап өтті. Британ тарапы Мемлекет Басшысының реформаларын жоғары бағалап, екіжақты парламентаралық байланыстарды дамытуға және практикалық тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Исетовпен кездесуде Қазақстан мен Құрама Корольдік арасындағы күшіне енген Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Астана мен Лондонның өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбекпен кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды. Британ депутаттары Қазақстанның өңірлік білім беру хабын қалыптастыру, жетекші шетелдік университеттерді тарту және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамаларымен таныстырылды. Сапар аясында қонақтар Алматы қаласында «Coventry» университетінің екінші кампусының ашылу салтанатына да қатысты.
Сапардың іскерлік бағдарламасы сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылауды қамтыды. Парламентарийлер «Alem AI» Халықаралық жасанды интеллект орталығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен танысты. «QazTrade» басшылығымен өткен кездесуде тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және қазақстандық өнімдердің британдық нарыққа экспортын кеңейту мәселелерін талқылады.
Алматыда британдық депутаттар қала әкімінің орынбасары А. Нүкеновпен кездесіп, британдық бизнесті қалалық жобаларға тарту мәселелерін, сондай-ақ туризм саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Тараптар 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға Ұлыбританиядан 7 мыңнан астам турист келгенін қанағаттанушылықпен атап өтті.
«Taldau AI Analytics» талдау орталығының басшысы Мәулен Әшімбаевпен мазмұнды пікір алмасу барысында тараптар Қазақстан мен Ұлыбританияның сараптамалық-талдау және зерттеу орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екендіктерін растады.
Сапар Қазақ-Британ стратегиялық әріптестігінің парламенттік өлшемін нығайту жолындағы маңызды қадам болды және саяси диалогты, сауда-экономикалық ынтымақтастықты және гуманитарлық байланыстарды одан әрі тереңдетуге деген ортақ ниетті растады.
Анықтама: Парламентаралық одақтың Британ тобы (British Group Inter-Parliamentary Union) Құрама Корольдіктің депутаттарын біріктіріп, парламентаралық байланыстарды, халықаралық диалогты және заң шығару тәжірибесімен алмасуды дамытуға жәрдемдеседі.