
Астана, 22 қыркүйек – 2026 жылғы 19-22 қыркүйек аралығында Орталық Азия елдеріне өңірлік турне аясында Ұлыбританияның Орталық Азия бойынша Сауда өкілі Лорд Джон Томас Алдердайстың Қазақстанға жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында Лорд Алдердайсты ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.Жұманғарин қабылдады. Сонымен қатар, оның ҚР Сауда және интеграция министрі А. Шаққалиевпен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбекпен, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ә.Қуантыровпен, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер, Энергетика министрліктері, Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «KEGOC» АҚ және Alatau City Authority басшылығымен кездесулері өтті.
Кездесулер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді практикалық іске асыруға, сондай-ақ 2026 жылғы қазанда Астанада өткізу жоспарланған Қазақстандық-Британдық сауда, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 12-отырысына дайындыққа негізгі назар аударылды
Тараптар екіжақты сауданың динамикасын талқылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 1,63 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 83,7%-ға өсті. 2026 жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 1,25 млрд АҚШ долларына жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,5%-ға артты.
Сауданы әртараптандыруға және жоғары қосылған құны бар шикізаттық емес өнімдер экспортын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Британдық импорттаушылардың Қазақстанға сауда миссиясын ұйымдастыру, британдық нарықтың сапа мен сертификаттауға қойылатын талаптары, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, логистикаға және жоғары технологиялық салаларға британдық инвестицияларды тарту мүмкіндіктері талқыланды.
Британдық тарап Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарына, оның ішінде электр энергиясын өндіру және беру, «жасыл» энергетика, қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді сақтау және биоалуантүрлілікті қорғау салаларына қызығушылық білдірді. Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен және «KEGOC» АҚ-мен кездесулер барысында атом энергетикасы, энергетикалық инфрақұрылым және технологиялық өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Сапар бағдарламасында ғылыми-білім беру ынтымақтастығына маңызды орын берілді. Лорд Алдердайс Астанадағы Coventry University Kazakhstan жаңа кампусы құрылысының басталу салтанатына және британдық Ardingly Astana мектебінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, Британдық тарап бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу және өзара мүдделі бағыттар бойынша зерттеу бағдарламаларын дамыту арқылы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға, сауда мен инвестицияларды кеңейтуге, өзара сауданы әртараптандыруға және нақты бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.