Қазақстан Елшісі британдық жоғары оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттерімен онлайн-кездесу өткізді

Қазақстан Елшісі британдық жоғары оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттерімен онлайн-кездесу өткізді

ЛОНДОН, 2020 жылғы 25 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысовтың британдық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жыл сайынғы кездесуі онлайн-форматта өтті. Іс-шараға 100-ден астам жас қазақстандық қатысты.

Виртуалды кездесу аясында Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер үшін ең өзекті тақырыптар талқыланды. Елші Е.Ыдырысов Covid-19 пандемиясынан туындаған сын-тегеуріндерді назарға ала отырып, Қазақстан мен Ұлыбритания үкіметтерінің вирустың таралуына жол бермеу үшін қабылдап жатқан шаралары, оқытудың жаңа форматтары, денсаулық пен қауіпсіздік мәселелері, сақтандыру, Қазақстан аумағына кірудегі карантиндік шектеулер, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әуе қатынасы және т.б. мәселелерге егжей-тегжейлі тоқтады.

Е.Ыдырысов сондай-ақ студенттерді Елшіліктің мәдениет, білім және ғылым салаларында ұйымдастырылатын іс-шаралары туралы, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы хабардар етті.

Студенттер өз сұрақтарын қоюға, сондай-ақ түрлі форматтағы бірлескен іс-шараларды өткізу жоспарларын талқылауға мүмкіндік алды. Оның ішінде Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер үшін жыл сайынғы бос орындар жәрмеңкесі, сондай-ақ Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы Елшілікпен бірлесіп дәстүрлі түрде өткізетін Орнықты даму және инновациялар жөніндегі төртінші Орталық Азиялық ғылыми форум талқыланды.

Кездесу соңында Елші ғылым және білім саласындағы қазақстан-британ ынтымақтастығын ілгерілетуде белсенділік танытқан студенттерді алғыс хаттармен марапаттады.