
Лондон, 2026 жылғы маусым. 2026 жылғы 14-24 маусым аралығында
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған делегация Ұлыбританияға жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және отандық ғылымды әлемдік академиялық кеңістікке одан әрі ықпалдастыру.
Сапар бағдарламасы аясында Ұлыбританияның беделді ғылыми-білім беру және архив мекемелерінің басшылары мен жетекші мамандарымен бірқатар кездесулер өтті. Келіссөздер барысында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық алмасуларды дамыту және бірегей тарихи дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланды.
Бағдарламаның алғашқы кездесуі Корольдік Азия қоғамының (Royal Asiatic Society) директоры Элисон Охтамен өтті. Тараптар қазіргі шығыстану ғылымының өзекті бағыттары, қазақстандық зерттеушілердің сирек қолжазбалар мен архив қорларына қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ жаңа буын шығыстанушы мамандарды даярлау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында қазақстандық докторанттар мен жас ғалымдардың Лондонның жетекші ғылыми орталықтарында халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Екі тарап ұзақ мерзімді академиялық әріптестікті дамытуға және жас зерттеушілердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға мүдделі екендіктерін білдірді.
Сапардың маңызды кезеңдерінің бірі – Кембридж университетіндегі (University of Cambridge) Alison Richard Building ғимаратында өткен кездесу болды. Келіссөздер ортағасырлық Орталық Азия тарихын зерттеу, көне түркі өркениеті мен Дешті Қыпшақ дәуіріне қатысты жаңа тарихи деректерді іздестіру және жүйелеу мәселелеріне арналды.
Британдық әріптестер қазақстандық зерттеушілерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдіріп, ғылыми материалдармен алмасуға және Кембридж университеті ғалымдарының Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұйымдастыратын халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуына ниет танытты.
Сапар аясында Ұлыбритания Ұлттық архивінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, доктор Джульетта Десплатпен (Dr. Juliette Desplat) де кездесу өтті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – ортағасырлық түркі әлемінің тарихына және оның Еуразия өркениетінің дамуына қосқан үлесіне қатысты жаңа құжаттық деректерді іздестіру, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу болды.
Доктор Джульетта Десплаттың айтуынша, Ұлыбритания архивтерінде Шығыс елдерінің тарихына, түркі халықтарының ерте кезеңдегі дамуына, мемлекетаралық байланыстар мен өткен ғасырлардағы дипломатиялық қатынастарға қатысты бірегей әрі әлі толық зерттелмеген көптеген құжаттар сақталған. Бұл материалдар Орталық Азия тарихын зерттеуде тың ғылыми бағыттардың ашылуына мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, архивтік құжаттардың көшірмелерімен алмасу және Қазақстан мен Ұлыбритания ғалымдарының тұрақты кәсіби байланысын нығайту жөнінде келісімге келді.
Сапар бағдарламасының қорытынды кезеңінде делегация Лондон университетінің Шығыстану және Африка зерттеулері мектебінде (SOAS University of London) болды. Қазақстандық ғалымдар оқу орнының сирек қолжазбалар, тарихи құжаттар мен Азия және Африка халықтарының бай мәдени мұрасын танытатын құнды артефакттарды қамтитын бірегей кітапхана қорларымен және арнайы коллекцияларымен танысты.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – SOAS басшылығының қазақ тілін оқыту бағдарламасын ашу жөніндегі жоспарын жариялауы болды. Осы бастаманы табысты жүзеге асыру мақсатында британдық тарап Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандарын білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, оқытушылық қызметке және әдістемелік тәжірибе алмасуға тартуға қызығушылық білдірді.
Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл жұмыс сапары халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық байланыстарды кеңейтуге және қазақстандық гуманитарлық ғылымның халықаралық беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.