
Астана қаласында өткен «Digital Archive EXPO» атты III Халықаралық архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжат архив ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ архив қызметкерлері мен құжаттаманы басқару мамандарына арналған бірлескен семинарлар, вебинарлар және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға бағытталған.
Қол қою рәсімі 8 маусым күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина мен Ұлыбритания Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі бас директоры Джон Шериданның екіжақты кездесуі барысында өтті.
Кездесу барысында тараптар архив саласын цифрлық трансформациялау, электрондық құжаттарды сақтау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық кәсіби диалогты дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина серіктестіктің маңыздылығын атап өтті: «Біз Ұлыбритания Ұлттық архивімен ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және әріптестігімізді одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бірлескен бастамалар мен жобалар кәсіби байланыстарды нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда архив саласының алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру, әсіресе цифрлық мұраны сақтау бағытында бірлесіп шешімдер іздеу өте маңызды».
Өз кезегінде Джон Шеридан ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдіріп, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың зор әлеуеті бар екенін атап өтті: «Біз бұл ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігіне өте қуаныштымыз. Архивтердің жұмысы халықтардың ортақ тарихи жадысын сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Цифрлық дәуірде біз күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз, сондықтан архив мекемелері құжаттарды сақтау және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер әзірлеу үшін күш біріктіруі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай конгрестер кәсіби тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар Президент Архиві сияқты ұйымдармен екіжақты байланыстарды дамыту да ерекше маңызды. Бүгін осы жерде болу, меморандумға қол қою, осындай әсерлі архивпен танысу және жаңа әріптестер мен достар табу мен үшін үлкен қуаныш».
Меморандум ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру бастамалары, құжаттарды цифрландыру саласындағы әріптестік және архив қорларын зерттеу жұмыстары бар.
Екі архив мекемесі арасындағы серіктестік бірнеше жылдан бері дамып келеді және халықаралық семинарлар, кәсіби кездесулер мен сараптамалық кеңестер арқылы нығаюда.
Биылғы жылы Ұлыбритания Ұлттық архивінің өкілдері де III Архившілер конгресінің жұмысына белсенді қатысып, бағдарлама аясында баяндамалар жасады. Сонымен қатар Ұлыбритания Ұлттық архивінің білім беру және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Эндрю Пейн мұғалімдерге арналған арнайы семинар өткізіп, жасанды интеллект технологияларын білім беру саласында қолдану және архив ресурстарын заманауи оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктері туралы баяндайды.