
– Лондон, 2026 жылғы 19-22 наурыз. Жаңару мен бірліктің, береке мен молшылықтың символы – Наурыз мейрамы 19 наурыз күні Лондонда Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) алаңында бастау алды. Қазақстан халықаралық іскер қауымдастық пен банк қызметкерлерінің зор қызығушылығын тудырған ауқымды мәдени-ақпараттық бағдарламасын ұсынды.
Қазақстандық көрмеде ұлттық кәдесыйлар, Наурызнама туралы ақпаратты қамтитын басылымдар, сондай-ақ елдің бай мәдени мұрасын, туристік және инвестициялық әлеуетін танытатын материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Дәстүрлі өнерді қамтыған мәдени бағдарлама шараның шырайын кіргізіп, ерекше әсер қалдырды.
Қонақтарды ЕҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассо құттықтап, Орталық Азия елдерінің инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Іс-шара барысында Қазақстан мен банк арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді: инвестициялар көлемі 1 млрд еуроға жуықтап, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан.
Мерекелік шаралар 21 наурыз күні Кембридж университетінде өткен дөңгелек үстелмен жалғасты. Оған Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Елшілері мен дипломаттары, сондай-ақ академиялық орта өкілдері қатысты. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Д. Құрмашева өз сөзінде қазақ-британ қатынастарының терең тарихи тамырына тоқталып, британ инвесторларының Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің қалыптасуына, соның ішінде Spassky Copper Mine Limited секілді жобалар арқылы үлес қосқанын атап өтті.
Бүгінде бұл серіктестік стратегиялық бағыттарда – маңызды минералдар, жасыл технологиялар, цифрландыру және басқа да салаларда табысты дамып келеді. Сондай-ақ елдің инвестициялық тартымдылығы мен жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, оның ішінде референдум мен жаңа Конституцияға ерекше назар аударылды.
«Наурыз бізге шынайы күшіміздің бірлікте екенін, ортақ мақсаттар мен бағыттағы біртұтас өңір ретінде бірлесе әрекет етудің маңызын еске салады», – деп ата өтті Кеңесші-уәкіл. Дөңгелек үстел мазмұнды сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, өзара пікір алмасуға ұласқан тағылымды диалогқа айналды.
Кембридж университетінде өткен концерт мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандыра түсті. Домбыра үні қонақтарды қазақ даласының кең тынысты әлеміне жетеледі. Қазақ диаспорасының өкілі орындаған «Айналайын» әні көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қонақтар Орталық Азияның дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, қазақстандық кәдесыйлар көрмесімен танысып, ел мәдениеті мен дамуына қызығушылық танытты.
Наурыз мерекесінің тағы бір маңызды алаңы – University College London болды. Мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері халықаралық студенттерге арналған ашық іс-шара ұйымдастырды. Ұлттық тағамдар, әуезді музыка, би және шынайы қонақжайлық атмосферасы кең аудиторияның назарын аударып, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етті.
22 наурыз күні Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының қатысуымен өткен ауқымды мерекелік жиынмен шаралар қорытындыланды. Қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бұл басқосуға 200-ге жуық адам – диаспора өкілдері мен Елшілік қызметкерлері қатысты. Қатысушылар асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындарға қатысып, наурыз көжеден дәм татып, ұлттық билерді тамашалап, бірнеше сағатқа туған мәдениеттің шуағына бөленді.
Ұлыбританиядағы Наурыз мерекесі Қазақстанның мәдени дипломатиясының жарқын көрінісіне айналды. Бұл шаралар диаспора ішіндегі байланыстарды нығайтып қана қоймай, Лондонның саяси, іскерлік және академиялық ортасының қазіргі Қазақстанға – бай мұрасы мен қарқынды дамып келе жатқан болашағы бар елге деген қызығушылығын едәуір арттырды.