Лондонда өткен Қазақ мәдени кеші еліміздің бай тарихи мұрасы мен заманауи өнерін таныстырды

Лондонда өткен Қазақ мәдени кеші еліміздің бай тарихи мұрасы мен заманауи өнерін таныстырды

- Лондон, 2025 жылғы 7 қараша. Ұлыбритания астанасында  қонақтарға еліміздің бай тарихи мұрасы мен заманауи өнерін таныстырған Қазақ мәдени кеші өтті.

Мәдени кешке Лондонның саяси, академиялық және іскерлік ортасының өкілдері, қазақ диаспорасы, сондай-ақ мәдениет және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ қызметкерлері қатысты.  Іс-шараны Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Алматы қаласы әкімдігінің және «Chevron Corporation» компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шараға келген сәттен бастап қонақтар көшпенді мәдениет атмосферасына енді: оларды тарихи дәстүрлерге сай киінген қазақ батырлары қарсы алып, «Сазген сазы» ансамблінің әуені залды Ұлы даланың сазымен толтырды.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын ұлттық қолданбалы өнер көрмесі тудырды. Танымал домбыра шебері, «қазақ Страдивари» Жолаушы Тұрдығұлов және Қазақстанның Қолөнершілер одағының төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі суретші Айжан Бекқұлова өз туындыларын таныстырды. Қонақтар халық аспаптарын жасау өнерімен, дәстүрлі кесте, зергерлік бұйымдар, тоқу және тігін өнерімен танысты – әр бұйымда ұлттық код пен қазақ символикасының ерекшеліктері айқын көрінді.

Іс-шараны ашқа келе, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Уақытша сенімді өкілі Р. Қарабұлов қонақтарға ынтымақтастық пен қолдау үшін алғыс білдіріп, мәдени алмасудың маңыздылығын атап өтті: «Музыка мен өнер арқылы біз елдер мен халықтар арасындағы көпірлерді орнатып, оларды достық пен өзара құрмет рухында біріктіреміз», – деді дипломат.

Кештің кульминациясы ретінде альтернативті этно-фолк жанрындағы Steppe Sons тобының концерті өтті. Әншілер дәстүрлі қазақ аспаптарын заманауи әлемдік музыкалық стильдермен үйлестіре отырып, бірегей әрі шынайы дыбыс шығарды. Олардың композициялары көшпенділер рухын жандандырып, өткен мен қазіргі уақытты бір музыкалық кеңістікке тоғыстырды. Қонақтар әртістерді жылы қабылдап, ұзақ қол соғып, Лондон төрінде орын алған ерекше атмосфераны атап өтті.

Кеш ұлттық тағамдардың дәмін татумен аяқталды. Лондонда өткен қазақ мәдени кеші британ астанасының мәдени өмірінде есте қаларлық оқиғаға айналды, қонақтарға қазақ халқының шынайы рухына, дәстүріне және өнеріне енуге мүмкіндік берді.