2025 жылғы 27 қазан, Лондон. Ұлыбритания Парламентінде Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік көппартиялық топтың отырысы аясында алғаш рет «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Соты мен Халықаралық арбитраж орталығының қызметі таныстырылды.
Іс-шараға Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен іскер топтардың мүшелері қатысты.
Отырысты бастай келе, АХҚО Сотының төрағасы Лорд Бернетт сөз сөйлеп, Соттың қызметі, ерекше юрисдикциясы және Англия мен Уэльс құқығы қағидаттарына негізделген процессуалдық ережелері туралы жан-жақты баяндады. Ол АХҚО Соты азаматтық және коммерциялық сипаттағы дауларды, соның ішінде инвестициялар, келісімшарттық міндеттемелер мен қаржы операцияларына қатысты істерді қарайтынын атап өтті. АХҚО Соты құрылған сәттен бастап 34 елдің инвесторларының қатысуымен 17 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция тартты.
АХҚО Соты – Еуразия кеңістігіндегі ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына сүйенген алғашқы тәуелсіз коммерциялық сот болып табылады. Қызметі басталғаннан бері Сот пен Арбитраж орталығы 4 000-нан астам істі қарап, сәтті шешім шығарған, бұл халықаралық іскер қауымның жоғары сенімін дәлелдейді.
Іс-шара барысында судьялардың тәуелсіздігі мен ашықтығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда АХҚО Сотының құрамында ағылшын-саксон құқық жүйесінде зор беделге ие, халықаралық тәжірибесі мол он судья қызмет атқарады.
Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің өкілдері АХҚО Сотының қызметіне көрсетілген қызығушылық үшін алғыс білдіріп, Сот пен Арбитраж орталығының құрылуы инвесторлар дауларын әділ және тиімді шешуге, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға, сондай-ақ ағылшын жалпы құқығының элементтерін Қазақстанның құқық жүйесіне енгізу арқылы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық нарықтарға ықпалдасуға бағытталғанын атап өтті. Елшілік өкілдері бұл мақсаттардың бүгінде табысты жүзеге асып жатқанын айтты.
Қатысушылар АХҚО аясында қалыптасқан тұрақты, ашық және болжамды құқықтық ортаның инвестициялық сенімді нығайтудағы және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын жоғары бағалады.
Анықтама үшін: Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік көппартиялық топ 2025 жылғы 14 шілдеде құрылған. Топтың төрағасы – лейбористік партия депутаты Пэм Кокс, құрамында 20 парламент мүшесі бар.
- Лондон, 2025 жылғы 20-21 қазан. Қазақстанның инвестициялық стратегиясы мен экономикалық басымдықтары Ұлыбритания астанасында өткен Future Resilience Forum 2025 халықаралық форумы аясындағы «Kazakhstan – Diplomacy & Trade: Middle Power Countries» атты эксклюзивті панельдік сессияда таныстырылды.
Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров басқарды. Делегация құрамына Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ төрағасы Ерлан Ғалиев, Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков, KIDF қорының төрағасы Жүсіп Ералин, сондай-ақ «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек кірді.
Сессияны аша келе, Әлібек Қуантыров Қазақстанның тұрақты және сенімді экономика құруға бағытталған дәйекті саясатын атап өтті:
«Қазақстан тұрақтылыққа, ашықтық пен сенімге негізделген экономика құруда. 474 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту – бұл әлемдік бизнестің Қазақстанға деген сенімділігінің дәлелі. Қазақстан тұрақты, инклюзивті және өзара байланысты болашақты құруда сіздің серіктесіңіз болуға дайын. Біз шынайы тұрақтылық ынтымақтастық арқылы қалыптасады, ал болашақ – бөлетіндердің емес, біріктіретіндердің еншісінде деп сенеміз».
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және «жасыл» энергетикаға кезең-кезеңімен көшу стратегиясын таныстырып, Қазақстанның дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін теңгерімді дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты.
Сессия барысында аса маңызды минералдар мен олардың өңдеуі, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, қаржы және денсаулық сақтау салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер егжей-тегжейлі қарастырылды. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі буыны және Еуразиядағы азық-түлік пен энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сенімді серіктес ретінде таныстырылды.
Шетелдік аудиторияның ерекше назарын AstraZeneca компаниясының 2025 жылы Қазақстанда өндіріс ашқан сәтті тәжірибесі аударды. Бұл – еліміздің жаһандық фармацевтикалық компаниялар үшін тартымды бағытқа айналып келе жатқанын және инвестициялық реформалардың нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.
Қазақстандық делегацияның баяндамалары мазмұндылығымен, прагматикалық және стратегиялық көзқарасымен ерекшеленіп, британдық инвесторлар мен сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Қазақстан тұрақты, болжамды және сенімді серіктес, жаңа жаһандық экономикалық архитектура жағдайында ұзақ мерзімді өзара тиімді жобаларды дамытуға дайын ел ретінде танылды.
2023 жылы құрылған Future Resilience Forum бүгінде үкіметтер, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы халықаралық диалогтың беделді алаңына айналды. 2025 жылғы форумның басты тақырыбы – «New World Order, New World Thinking» – халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты экономикалық байланыстарды нығайтудағы «орта державалардың» рөліне арналды.
Қазақстан делегациясының бағдарламасы аясында Ұлыбритания үкіметінің өкілдерімен, іскер топтармен, инвесторлармен және халықаралық қаржы институттарымен бірқатар кездесулер өтті. Бұл кездесулердің басты мақсаты – серіктестікті кеңейту және Қазақстанның инвестициялық әлеуетін одан әрі ілгерілету болды.
Қазақстанның әлеуетін Лондонда таныстыру елдің тұрақты өсімін, инновация мен технологиялық прогресті қамтамасыз ететін инвестицияларды тарту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадамға айналды.
2025 жылғы 10-13 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Елшілігінің қолдауымен Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия бойынша Сауда өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Лорд Джон Алдердайс Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл сапар екі ел арасындағы әріптестіктің экономика, білім, инновация және орнықты даму сияқты бағыттарды қамти отырып, жаңа стратегиялық деңгейге шыққанының жарқын дәлелі болды.
Сапар бағдарламасы Алматы мен Астананы қамтыды. Алматыда Лорд Алдердайс қала әкімі Д.Сатыбалдымен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә. Қуантыровпен, сондай-ақ қазақстандық бизнес өкілдерімен кездесті. Астанада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. Склярмен, Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбекпен, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Н. Жақұповпен, АХҚО Басқарушысы Р. Бектұровпен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен келіссөздер жүргізді.
Тараптар Ұлыбритания компанияларының Қазақстандағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейту мәселелерін, сондай-ақ стратегиялық маңызды минералдар, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, қаржы, цифрландыру және білім беру салаларында жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Сапардың ең маңызды тақырыптарының бірі – ұзақ мерзімді әріптестіктің негізі саналатын білім беру саласы болды. Лорд Алдердайс Қазақстандағы De Montfort University Kazakhstan, Cardiff University Kazakhstan және Coventry University Kazakhstan сияқты британдық жоғары оқу орындарының кампустарына барып, олардың өңірге әлемдік деңгейдегі стандарттарды әкеліп жатқанын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университеті ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Өткен айда De Montfort университеті алғашқы түлектерін шығарды – бұл елдегі британдық академиялық қатысудың маңызды кезеңі. Лорд Алдердайс Министр Саясат Нурбекпен бірге білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару жолдарын талқылады.
Лорд Алдердайсқа ерекше әсер қалдырған Нархоз университетіне барып, Queen’s University Belfast (Лорд Алдердайстың альма-матері) университетімен қос дипломды бағдарлама табысты жүзеге асырылып жатқанын білді. Бұл мысалдар екі ел арасындағы білім беру байланыстарының қаншалықты берік әрі серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді. «Бұл университеттер тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің әртүрлі елдерінен келген студенттерге мүмкіндік беріп, нағыз халықаралық қауымдастық қалыптастырып жатыр», – деп атап өтті Лорд Алдердайс.
Астана халықаралық қаржы орталығындағы кездесу Қазақстанда ағылшын құқығын қолданудың бірегейлігін инвестиция тарту және ашық бизнес ортасын қалыптастыру құралы ретінде ерекше көрсетті. «Қазақстан – Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі, және біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды түрлі стратегиялық секторларда кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Біз осы серпінді сақтап, екі елдің бизнесі мен қоғамдарына пайда әкелетін мүмкіндіктерді толық ашуымыз қажет», – деді ол.
Бұл сапар Ұлыбританияның Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты нығайту және орнықты өсімді қолдау жөніндегі кең ауқымды саясатының айқын көрінісі болды. 2025 жылдың алғашқы 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 51,1%-ға өсіп, 874 млн АҚШ долларына жетті – бұл әріптестіктің артып келе жатқан маңызын дәлелдейді.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Ұлыбритания елеулі нәтижелерге қол жеткізді: британдық университеттердің кампустары мен мектептерінің ашылуы, стратегиялық маңызды минералдар саласындағы әріптестіктің дамуы, әлемдегі алғашқы пойыздағы спутниктік интернет қызметінің іске қосылуы (OneWeb және «Қазақстан Темір Жолы»), креативті және инфрақұрылымдық салаларда британдық тәжірибені ілгерілету, ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты тереңдету. Экологиялық әріптестіктің жарқын символына Корольдік құстарды қорғау қоғамы (RSPB) жүзеге асырып жатқан «Алтын Дала» бастамасы айналды. Бұл жоба биоәртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін беделді Earthshot сыйлығын алды.
Лорд Алдердайстың сапары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қатынастар тек нығайып қана қоймай, сенімге, инновацияға және ортақ болашаққа негізделген халықаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналуда екенін дәлелдеді.
Жаһандық поляризациядан серіктестікке өту жолдарын іздеу және халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеу қажеттілігі қазақстандық және шетелдік пікір көшбасшыларын, саясаткерлерді, жетекші «ақыл-ой орталықтардың» басшыларын Astana Think Tank Forum 2025 аясында біріктіреді. Форум 2025 жылғы 15–16 қазанда Қазақстан елордасында өтеді.
Бұл Астана халықаралық форумы (AIF) аясында өткізіліп отырған және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастыратын сараптамалық орталықтардың екінші форумы. Өткен жылы ауқымды шараға 22 елден 45 сарапшы қатысты. Осы уақыт ішінде Astana Think Tank Forum халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаудың беделді жаһандық сараптамалық алаңына айналды.
Тоғыз сессия аясында тиянақты талқылау үшін жетекші державалардың бәсекелестігі жағдайындағы көпжақты ынтымақтастықтың келешегі, қауіпсіздік архитектурасының трансформациясы және ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелері, жаңа геосаяси жағдайда Орталық Азияның орны және Ауғанстан факторы, жаһандық нарықтардың фрагментациясы кезеңіндегі инвестициялар, Еуразиядағы сауда-көлік дәліздерінің дамуы, жасанды интеллект және оған қатысты этикалық мәселелер, климаттың өзгеруі мен су ресурстарына қатысты проблемалардың демографиялық үдерістер мен көші-қонға ықпалы секілді маңызды тақырыптар алынды.
Astana Think Tank Forum зерттеушілер, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, үкіметтер мен іскер топтар арасында ашық және сындарлы диалогты дамытуға бағытталған. Форум міндеттеріне әлемде тұрақтылық пен сенімнің артуына ықпал ететін инклюзивті және ұзақ мерзімді ынтымақтастық форматтарын әзірлеу, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қатынастардағы әріптестікті дамытуға үлес қосатын жауапты және белсенді «орта держава» ретіндегі позициясын нығайту кіреді.
Форум туралы ақпаратты AIF – astanainternationalforum.org сайтынан таба аласыз.
Қазақстандық TrustExam.ai IT-компаниясы (жергілікті нарықта Oqylyq.kz брендімен танымал) Ұлыбританияның кәсіби жүргізушілерді даярлау және білім беру саласындағы жетекші ұйымы – Driving Instructors Association (DIA) қауымдастығымен стратегиялық әріптестік орнатқанын жариялады.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен, TrustExam.ai компаниясы Astana Hub және басқа да қазақстандық IT-компаниялармен бірге 2025 жылғы маусымда Ұлыбританиядағы ең ірі жыл сайынғы технологиялық көрме – London Tech Week шарасына қатысты. Бұл көрмеге 90-нан астам елден 45 000-нан аса қатысушы жиналды.
Қазақстанның ұлттық стенді аясында TrustExam.ai компаниясы жоғары деңгейдегі питч-сессиялар өткізіп, Ұлыбританияның жасанды интеллект және финтех салаларындағы көшбасшыларымен тікелей байланыс орнатты. Нәтижесінде, компанияның Ұлыбританиядағы сертификация нарығында DIA ұйымымен стратегиялық әріптестік орнатуына жол ашылды.
Бұл серіктестік Ұлыбританиядағы көлік және мотоцикл жүргізушілеріне арналған теориялық емтихандар жүйесін цифрлық трансформациялауға бағытталған. Жасанды интеллект технологияларын енгізу тестілеу әділдігін және объективтілігін қамтамасыз етіп, емтихан процесін тез, ыңғайлы әрі кең көлемде өткізуді мүмкін етеді.
TrustExam.ai мәліметінше, кандидаттар үшін бұл күту уақытын қысқартып, икемді кесте мен жүргізуші куәлігін алу жолындағы кедергілерді азайтады. Ал емтихан орталықтары мен оқу орындары үшін сапа мен сенімділікке нұқсан келтірмей, өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Carly Brookfield, DIA-ның бас атқарушы директоры: «DIA практикалық емтихандар мен нұсқаушыларды кәсіби даярлау сапасы бойынша жоғары стандарттарды ұстанады. TrustExam.ai компаниясымен жаңа серіктестік арқылы біз жүргізуші куәлігін алуға немесе нұсқаушы болуға үміткерлердің біліктілігін бағалауға арналған бұрынғыдан да сенімді, тиімді және ыңғайлы шешімдер ұсына аламыз», - деп атап өтті.
TrustExam.ai – Стэнфорд университетінің StartX стартап-экожүйесіне мүше Қазақстандық AI-платформа. Жыл сайын 2 миллионнан астам қолданушыға қызмет көрсететін бұл шешім мемлекеттік органдарға, университеттерге және емтихан орталықтарына академиялық адалдықты қамтамасыз етуге көмектеседі.
Driving Instructors Association (DIA) – Ұлыбританиядағы ең ірі жүргізуші нұсқаушылар қауымдастығы. Ол сала мүдделерін қорғайды және нұсқаушылардың кәсіби дамуына қолдау көрсетеді. DIA құрамындағы Diamond Advanced Motorists бөлімі – жүргізушілерді жетілдіріп оқыту саласындағы халықаралық деңгейде танылған бренд және түрлі мемлекеттік әрі жекеменшік ұйымдардың сенімді серіктесі.
2025 жылғы 17–18 қыркүйек күндері Астана қаласы жаһандық дінаралық диалогтың орталығына айналды – Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті.
Іс-шараға 60 елден келген 100-ден астам делегация өкілдері қатысты. Олардың қатарында ірі конфессиялардың рухани көшбасшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар және қоғам қайраткерлері болды.
Ұлыбритания тарапынан да Съезге ауқымды делегация қатысты. Атап айтқанда, Англия шіркеуі мен Англикан қауымдастығынан Тақсыр, д-р Джо Бейли Уэллс, Англикан қауымдастығының Эпископтық қызмет жөніндегі епископы және Бас хатшының орынбасары, сондай-ақ Тақсыр Данальд Джут, Англикан дінаралық комиссиясының төрағасы және Кучинг епископы қатысты.
Сонымен қатар, Ұлыбритания делегациясының құрамында д-р Фархан Низами – Оксфордтағы Ислам зерттеулері орталығының директоры, д-р Матьяш Боди – Оксфорд университетінің Реджентс Парк колледжінде Дін бостандығы және ар-ождан еркіндігі бойынша ғылыми қызметкер, және Нинади Хешара – Шри-Ланкадағы Англикан шіркеуінің мүшесі, жас діни көшбасшы болды.
Съездің ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», деп атап өтті,
Рим Папасы Лев XIV Съезд қатысушыларына арнаған сәлемдесу хатында: «Біз ұмтылып отырған болашақ – бұл бейбітшілік, бауырластық пен ынтымақ болашағы. Оған барлық жүрек пен қолдың қатысуы қажет. Дін қайраткерлері қоғамның әлсіз топтарын қорғап, ортақ үйіміз – Жер үшін ағаш отырғызып, адам қадір-қасиетін қорғауда бір ауыздан үн қатқанда, олар шындықты паш етеді: сенім адамдарды бөлмейді, қайта біріктіреді. Мұндай синергия – бүкіл адамзат үшін үміттің қуатты белгісі. Дін – қақтығыстың емес, керісінше, ем мен татуласудың қайнар көзі. Осы оймен мен бүгінгі Конгресс жұмысы бізді бейбітшілік жолындағы үйлесім мен синергияны қалыптастыруға жігерлендіреді деп сенемін. Бұл – «қарусыз әрі қарусыздандыратын, кішіпейіл және табанды» күш, әрдайым сүйіспеншілікке ұмтылып, азап шеккендердің жанынан табыла біледі» – деп түйіндеді.
Секциялық пікірталастар барысында қатысушылар XXI ғасырдағы діндердің адамзатты біріктірудегі рөлі, жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтардың маңызы, діни институттардың тұрақты даму мен экстремизмге қарсы күрестегі бейбіт миссиясы туралы ой бөлісті.
Съезд аясында «Болашақ үшін синергия: бейбіт қатар өмір сүруге шақыратын жастар» тақырыбындағы Жас дін көшбасшыларының II форумы және «Бүгінгі күнгі мәдениетаралық және дінаралық диалог» атты сараптамалық дөңгелек үстел өтті.
Съездің қорытындысы ретінде 34 тармақтан тұратын «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» қабылданды. Онда діни көшбасшылар ортақ үнмен зорлық-зомбылықтан бас тартып, диалогты тереңдетуге және адам қадір-қасиетін қорғауға шақырды.
Съездің жабылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті».
Мемлекет басшысы Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты барлық деңгейде толық қолдайтынын, сондай-ақ съездің ғаламдық диалог алаңы ретіндегі ықпалын арттыруға белсенді атсалысатынын атап өтті.
«Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елдерге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі саналады. Сіздер осы жолда аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі басқосуды соның жарқын көрінісі болды деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Съезд табысты өтті. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Игі мақсат жолындағы ынтымағымыз одан әрі нығая береді деп ойлаймын» – Президент.
Съезд қатысушылары бейбітшілік, әлеуметтік тұрақтылық пен жаһандық ынтымаққа қол жеткізу жолындағы маңызды құрал ретінде дінаралық және мәдениетаралық диалогты тереңдетуге бейілділіктерін білдірді. Олар экстремизм, радикализм және терроризмнің барлық түрлері мен көріністерін айыптап, дінді саяси мақсатта пайдалануға жол берілмейтінін нақты мәлімдеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі IX съезі 2028 жылы Астанада өтеді. Бұл Қазақстанның бейбітшілік жолындағы жаһандық диалог алаңы ретіндегі маңызды миссиясының заңды жалғасы болмақ.
Биыл халықаралық Digital Bridge 2025 IT-форумы 2025 жылғы 2-4 қазан аралығында Астанада өтеді. Форумның тақырыбы «Generative Nation» - бұл Қазақстанның озық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген білім қоғамын құруға бағытталған стратегиялық бағытын бейнелейді.
Digital Bridge 2025: Generative Nation – бұл жай ғана пікір алмасу алаңы емес, бұл – Қазақстанның жаһандық цифрлық экономикадағы жаңа болашағын құру жолында технология көшбасшыларын, кәсіпкерлерді және мемлекеттік институттарды біріктіретін өзгерістер катализаторы.
Форум алаңы әлемдік IT-сарапшыларды, технологиялық алпауыттардың өкілдерін, табысты өнімдер мен стартаптардың авторлары мен негізін қалаушыларын, сондай-ақ осы саланың инвесторлары мен жаһандық көшбасшыларын жинайды.
Форум аясында 2 қазан күні халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығында AI жобаларының тұсаукесері өтеді. Ең үздік жобалар өз жұмыстарын Мемлекет Басшысының және жасанды интеллект саласындағы беделді тұлға – IT-кәсіпкер, информатика ғалымы, инвестор және жазушы Кай-Фу Лиге таныстыру мүмкіндігіне ие болады.
AI Movement шарасының алдын ала іріктелген қатысушылары өз идеялары мен инновациялық әзірлемелерін ұсына алады. Бұл сессия тек технологиялық жетістіктерді көрсетуге арналған платформа ғана емес, сонымен қатар ұлттық және жаһандық деңгейде шешімдерді кеңейтуге қолдау алуға мүмкіндік болады.
Alem.ai жасанды интеллект саласындағы зерттеулер, стартаптар мен халықаралық ынтымақтастық үшін басты платформаға айналады. Орталық қазақстандық AI шешімдерінің экспортын арттырып, технологиялық және экономикалық өсудің жаңа толқынын бастайды, Астананы Орталық Азиядағы зияткерлік орталыққа айналдырады.
Digital Bridge форумы – бұл IT саласындағы ең ірі оқиғаға айналды. Оны Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің IT-қоғамдастығы асыға күтеді. 6 жыл ішінде Форумды 100 елден 67 мыңнан астам адам тамашалады, оның алаңында 550 қатысушы мен 1000-нан астам спикер сөз сөйледі.
Форум жыл өткен сайын қаражатсыз коммерциялық тұрақтылыққа ие болуда. Биылдан бастап форумға қатысуға ниеттілер үшін билет сатылымы іске қосылады. Форум билеттері мына сайтта қолжетімді: https://digitalbridge.kz/kz/
Форумның ұйымдастырушылары: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі.
Іс-шара «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтеді.
2025 жылғы 13 қарашада сағат 19:00-де Лондондағы Shaw Bernardo Theatre сахнасында Қазақстанның The Arts Stage жеке театрының қойылымы – «Қара шекпен» спектаклінің Ұлыбританиядағы алғашқы премьерасы өтеді. Махаббат, адалдық, опасыздық және ар-ұждан туралы терең философиялық шығарма көрерменге бүгінгі адамзат пен қоғамның шынайы бейнесін ұсынады.
Автор адам табиғаты мен моральдық құндылықтарды бейнелеу үшін аң-құстарды кейіпкер етіп таңдап, терең астарлы мағына мен психологиялық шиеленісті бір арнада тоғыстырған. Жалғыз адам бейнесі ретінде сахнада малшы пайда болады, ол өзіне адал қызмет еткен ит Тұзарды тек «жұмыс құралы» ретінде ғана көреді. Осы тұжырым спектакльдің негізгі философиялық өзегін құрайды.
Қойылымның режиссері — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының PhD докторы, Құрмет орденінің иегері, ҚазҰӨУ профессоры Асхат Маемиров. Режиссер қойылымға актерлерді жан-жақты дайындау үшін бір айлық психологиялық тренинг өткізді. Бұл әдіс әрбір кейіпкерге жануар табиғатын адам санасымен үйлестіріп жеткізуге мүмкіндік берді.
Басты рөлдерде Қазақстанның үздік әртістері өнер көрсетеді: Максат Сабитов – адал ит Тұзар, Еділ Рамазанов – айлакер қасқыр Көкжал, Шынаргүл Қабышева – түлкі Сылан, жас және прагматикалық қасқыр (Ақкенже Әлімжан), тәкаппар қоян Косурей (Лидия Каденова), дана қарға Көкар (Ерлан Кәрібаев) және басқалар.
Жобаның продюсері – Шынаргүл Қабышева, театр және кино актрисасы, ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері, театр режиссурасы бойынша магистр. Театрдың көркемдік жетекшісі – Ақкенже Әлімжан, АҚШ пен Қазақстанда білім алған, халықаралық өнер фестивальдерінің лауреаты, тәжірибелі актриса және өнертанушы.
Бұл мәдени жоба Red Square агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуды мақсат етеді.
«Бұл спектакль – бір жылдық еңбектің нәтижесі. Біз үздік актерлерді жинадық, әсерлі және терең мағыналы пьеса таңдадық, халықаралық деңгейдегі режиссермен жұмыс істедік. Енді біз Ұлыбритания көрерменімен жүздесуге дайынбыз. Бұл премьера қазақ және британ театрлары арасындағы мәдени диалогтың бастауы болады деп сенеміз,» – дейді продюсер Шынаргүл Қабышева мен театр жетекшісі Ақкенже Әлімжан.
«Қара шекпен» – тек қойылым емес, бұл – айна. Әр көрермен онда өз бейнесін көре алады.
Қазақстанның заманауи театр өнерімен танысып, рухани әсер алғыңыз келсе – осы ерекше кешті өткізіп алмаңыз!
Билеттер келесі сілтеме арқылы қолжетімді: https://www.eventbrite.co.uk/e/the-black-cloak-double-bill-tickets-1587389317179
«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»
Құрметті депутаттар!
Өткен аптада Парламенттің жаңа сессиясы ашылды.
Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Алдыңғы сессия жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Елге қажетті көптеген заң қабылданды.
Халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтерілді, жан-жақты талқыланды. Депутаттар жазғы демалыс кезінде аймақтарға барып, азаматтармен кездесті. Енді жұртшылық айтқан мәселелерді саралап, Үкіметпен бірге пысықтап, осы сессия барысында ескеру қажет.
Жалпы, Парламент депутаттары елімізде түбегейлі реформалар жасау жолында маңызды рөл атқарып келеді. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін.
Қымбатты отандастар!
Құрметті Парламент депутаттары және Үкімет мүшелері!
Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты.
Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді.
Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда.
Экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батуда.
Батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады. Жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқауда.
Босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындады. Адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұр.
Бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Тіпті жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды.
Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Қысқаша айтсақ, әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады.
Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан.
Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек.
Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды.
Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда.
Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек.
Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.
Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.
Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.
Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.
Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.
Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.
Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.
Осы орайда, алдымызда тұрған мынадай маңызды міндеттерге тоқталып өткім келеді.
Бірінші. Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.
Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.
Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ.
Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-Министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс.
Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын.
Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді.
Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды.
Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді.
Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек.
Бұдан бөлек, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн, ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс.
Жалпы, инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы, қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек. Бұл іске, қажеті болса, сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады.
Экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет. Оны Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындауға тиіс.
Жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек. Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай қолға алу қажет.
Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі.
Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр.
Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет.
Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет.
Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек.
Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын.
Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады.
Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек.
Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады.
Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн.
Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн.
Қарқынды өсіп келе жатқан көптеген мемлекетте даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған.
Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс.
Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды.
Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады.
Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру.
Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек.
Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.
Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн.
Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек.
Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет.
Тағы бір мәселе. Өңірлерге инвестиция тарту барысында арнайы экономикалық аймақтар айрықша рөл атқарады.
Алайда олардың көбінің жұмысы мәз емес. Бұл мәселе бойынша әңгімелер талай рет айтылды.
Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға дайын болуы керек. Арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, қажет болса, шетел компанияларын тартуға болады.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күш болуға тиіс. Бірақ көбі коммуналдық мүліктерді басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырумен шектеліп отыр. Олардың аймақ экономикасына әсері шамалы.
Үкімет осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруы керек.
Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуге тиіс. Мүмкін, бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшыларды тартқан жөн болар.
Инвестицияға қолайлы ахуал қалыптастыруға тікелей әсер ететін ең басты мәселе – макроэкономикалық тұрақтылық.
Бірақ қазіргі басты мәселе: жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр.
Оның дайын тұрған шешімі жоқ, бұл – көптеген мемлекет бетпе-бет келіп отырған түйткіл. Мәселе бәріне ортақ болғанымен, ол біздің жағдайда айрықша сезіліп отыр.
Осы макроэкономикалық құрсаудан шығуымыз керек.
Қиындықтар күні кеше ғана пайда болған жоқ. Оны шешу үшін әлемдегі озық тәжірибелерді ескеріп, жұртқа ұнай бермейтін шаралар қабылдауға және оның жауапкершілігін көтеріп алуға дайын болу қажет.
Үкімет пен Ұлттық банк қазіргі қалыптасқан ахуалдың қиындығын ескере отырып, алдына қойған мемлекеттік ауқымдағы міндетті біртұтас команда ретінде атқаруы керек. Қазір әркім көрпені өзіне қарай тартатын кез емес.
Екінші. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді.
Бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістік бар деп айтуға болады. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады. Бірақ бұл, әрине, жеткіліксіз.
Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек.
Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі – 8 пайыз.
Бірақ саланың даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар.
Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті.
Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар.
Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз.
Сондай-ақ Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажет.
Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынды. Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек.
Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн.
Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады.
Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы.
Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша.
Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады.
Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.
Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.
Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек.
Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту. Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген.
Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.
Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн.
Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет.
Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек.
Үшінші. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған.
Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек.
Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттыруда.
Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі, бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық.
Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту.
Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек.
Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс.
Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек.
Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс.
Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр.
Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек.
Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.
2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе.
Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.
Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет.
Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды. Қазірдің өзінде космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр. Жұмысты жалғастыру қажет.
Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс.
Бұл – орман шаруашылығына да қатысты мәселе. Жақында Солтүстік Қазақстан облысында 9 мың гектар орманның иесіз жатқаны анықталды.
Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек. Оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіру қажет.
Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес.
Бірақ бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар.
Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бердім.
Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс.
Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Осы мәселеге айрықша назар аударған жөн.
Төртінші. Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керек.
Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты.
Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі.
Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тарту қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды.
Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқылануда.
Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды.
Біз таяуда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легін жөнелттік. Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Тургунди – Герат» темір жолын салу жоспарда бар.
Алайда жаңа көлік бағыттарына және жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Алда атқарар шаруа көп.
Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылуда.
Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек.
Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн.
Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Жобаны өз күшімізбен өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырдық. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі «Шығыс – Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Үкімет «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақтылы жүзеге асыруға тиіс. Себебі аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады.
Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады.
Сонымен қатар көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуы тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек.
Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ елімізде оның үлесі әлі де төмен – небәрі 7 пайызға жуық.
Үкімет контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Онда мультимодальді бағыттарды дамытатын пәрменді шаралар да қарастырылуға тиіс.
Ішкі тасымалдың көлемін және бәсекеге қабілетін арттыру үшін көлік саласындағы тариф саясатының тиімді әрі түсінікті болуы айрықша маңызды рөл атқарады.
Қазіргі тариф қалыптастыру жүйесінде бірізділік жоқ, ол нарыққа икемделмеген.
Үкімет жыл соңына дейін көліктің барлық түрін ескере отырып, бәсекеге қабілетті тариф саясатын әзірлеуге тиіс.
Жүк тасымалдаушылар рәсімдердің көп уақыт алатынын айтып, жиі шағымданады. Олар әр қызметті түрлі цифрлық жүйе арқылы рәсімдеуге мәжбүр. Тіпті бұрынғыдай қағаз толтырып, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоқ. Бұл да жұрттың наразылығын туғызады. Осындай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетуіміз қажет.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдана отырып, тасымалды басқарудың кешенді, көпбейінді цифрлық платформасын енгізу керек. Бұл жұмысты тездетіп аяқтау қажет.
Қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосқан жөн. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді.
Шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Биыл 8 бекет толығымен іске қосылады. Алдағы 3 жылда тағы 34 бекет жаңарады. Бұл – өте ауқымды шаруа. Себебі кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейді, қазіргі заманның талабына сай келмейді, еліміздің беделіне нұқсан келтіреді.
Автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру – өте маңызды міндет. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидасымен еш тосқауылсыз өтуіне барынша жағдай жасау қажет.
Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды.
Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады.
Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелді. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Катонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр.
Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жұмыс өз жалғасын табады.
Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек.
Тағы бір маңызды мәселе – әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажет. Бұл саладағы ахуал жақсарып келе жатыр. Дегенмен оның көлемін арттыра түсуге мол мүмкіндігіміз бар.
Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады.
Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі саналады. Сондықтан біз әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Сонымен қатар экспресс-жүк тасымалдау саласын ретке келтіру қажет. Бұл қадам тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін керек.
Қазір бүкіл әлемде пилотсыз жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Үкімет осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағдай жасауы қажет. Соның ішінде тиісті құқықтық актілер қабылдауы керек.
Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет.
Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте.
Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз.
Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы.
Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.
Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ.
БЕСІНШІ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы.
Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, бірте-бірте оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті.
Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар.
Мұндай үлгі бойынша тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс.
Бұл іске «Ақылды қала» құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек.
Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет.
Қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес. Бұл – аксиома.
Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па деген мәселені жаңаша зерделеген жөн.
Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекеге өтеді.
Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы.
Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда Үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі.
Коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүруге тиіс.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек. Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни атқарылатын жұмыс шаш етектен.
Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты.
Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал оны тұтыну мәдениеті төмен. Су мәселесіне кейінірек тоқталамын.
Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн.
Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек.
Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет.
Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс.
Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын.
Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі.
Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық.
Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды.
Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет.
Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет.
Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ.
Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде.
Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ.
Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс.
Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек.
Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады.
Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады.
Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі.
Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес.
Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ.
Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады.
Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі.
Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет.
Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруге тиіс.
Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым.
Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет.
Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет.
Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көретін болады. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әрекетімізге тікелей байланысты болмақ.
Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек.
Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда.
Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық.
Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін.
Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет.
АЛТЫНШЫ. Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс.
Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз.
Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді.
Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ Жарлық толық орындалмай отыр.
Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек.
Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.
Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн.
Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
Заңды күрделендіре бермеу керек. Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн.
Мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайды деген мәлімет маған да жетіп жатады. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды.
Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс.
Қолданыстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет.
Біз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеттік. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі болып отыр. Цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ.
Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет.
Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек.
Осы жүйелі қадамның бәрі мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға арналған.
Жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс.
Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды.
Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз.
Даму институттары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Бірақ олардың жұмысында біраз кемшілік бар. Даму институттарының қызметін өзгертетін кез келді.
Шын мәнінде, бұл құрылымдар нақты бір салаға бағытталған, терең талдау жасауға қабілетті және инвестиция салуға құқылы толыққанды даму институты ретінде жұмыс істеуге тиіс.
Тағы бір өте маңызды мәселе. Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту көп жылдан бері өзекті міндет болып келеді. Мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр.
Елімізде мемлекеттің үлесі бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын көтермейді, қисынға да келмейді. Қазір коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып жүр. Соның салдарынан түрлі шығындар артып, корпоративті органдар көбейіп кетті. Нақты нәтижеге назар аударылмайды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, қажет болса, арнайы Жарлық шығарамын.
Бұдан бөлек, Үкімет Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңартуға тиіс. Заңда мемлекеттің экономикаға қатысу шегі нақты айқындалуы керек. Сондай-ақ басқару ісіне қатысты құқықтық талаптар көрсетілуі қажет.
ЖЕТІНШІ. Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді.
Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс.
Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.
Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс.
Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет.
Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады.
Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елордада балаларды дамыту орталықтарын жеке қаражат тарту арқылы салу тәжірибесі бар. Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы керек.
Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды.
Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн.
Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек.
Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады.
Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.
Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет.
Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі.
Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда.
Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады.
Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр.
Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды.
Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал.
Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.
Еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді.
Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс.
Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр.
Астана – соның айқын мысалы.
Соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін.
Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді.
Басқаша айтсақ, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-жоспарсыз қызмет етіп жатыр.
Сондықтан қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп тұр.
Астанада 2022 жылдан бері мұқтаж жандарға 7 мыңға жуық пәтер, соның ішінде көп балалы отбасыларға 1380, жетім балаларға 835, ерекше қажеттілігі бар адамдарға 665 пәтер берілді.
Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине, содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады.
Мұндай ахуал күрделі мәселелер туындауына әкеп соқтырады. Қалада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың саны бірнеше есе артқан, әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады.
Мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұр. Жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатыр.
Емханалардың жүктемесі өте көп, онда орын тапшы.
Соның салдарынан әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Оның қала бюджетіндегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызға жеткен. Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет.
Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек.
«Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн.
Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек.
Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді.
Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады.
Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді.
Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар?
Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді.
Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды.
Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек.
Демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет етеді.
Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады.
Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек.
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті.
Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек.
Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды.
Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету.
Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр.
Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды.
Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек. Сонда азаматтар Астанаға көше бермейді.
Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті.
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар.
Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр.
Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс.
Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады.
Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі.
Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес.
Жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау – ең басты және маңызды талап.
Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет.
Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр.
Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар.
Келесі мәселе. Бұл – жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз.
Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек.
Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр.
Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады.
Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек.
Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек.
Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін.
Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.
Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн.
***
Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды.
Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр.
Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс.
Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс.
Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкіметке цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді. Онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады.
Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз.
Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді.
Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы.
Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін.
Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Мұның өзі, бірінші кезекте, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын көрсетеді.
Біз маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделі алыс-жақын елдердің бәрімен ынтымақтастығымызды бағалаймыз.
Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтті.
Менің Түркияға және Қырғызстанға сапарларым да сәтті болды. Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған.
Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келеді. Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз.
Биыл айтулы даталарға толы жыл болды. Ең бастысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды.
Мәскеуде және Бейжіңде өткен салтанатты іс-шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың ондаған миллион құрбаны әлем халқының жадында мәңгі қалатынын аңғартты. Сондай-ақ бәрімізді сол бір қанды қырғынға қайта баға беруден және жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға ұмтылудан аулақ болуға шақырды.
Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек. «Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық».
Сол себепті Қазақстан Аляскада өткен Ресей-АҚШ саммитінің нәтижесіне, сондай-ақ Вашингтонда Президент Трамптың ара ағайындығымен Әзербайжан мен Арменияның бейбітшілік туралы декларацияға қол қойғанына қолдау білдірді.
Екінші айтулы дата – Екінші дүниежүзілік соғыстың басты институционалдық қорытындысы саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы.
Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз алаңы болып қала беруге тиіс деп санайды.
Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді.
Мен жақында Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеймін. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдірмекпін.
Қадірлі отандастар!
«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры.
Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.
Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.
Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады.
Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар.
Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс.
Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған.
Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет.
Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз.
Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын.
Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек.
Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ.
Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық.
Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді.
Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады.
Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін.
Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз.
Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады.
Қазір жер жүзінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделеді. Соның ішінде жасанды интеллектінің жаңа дәуірдегі орны ерекше.
Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан.
Бұл нақыл сөзге Мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ.
Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз.
Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек.
Құрметті отандастар!
Бүгін мен еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы ойымды ортаға салғым келеді.
Бұл жерде парламенттік реформа туралы айтқалы тұрмын.
Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз.
2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Онда азаматтарымыздың басым көпшілігі «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді. Соңғы жылдары Қазақстанда, тіпті, шетелдерде болып жатқан оқиғалардың өзі біз таңдаған бағдардың дұрыс екенін көрсетіп берді. Дегенмен бір жерде тоқтап қалуға болмайды.
Біз еліміздің және кейінгі ұрпақтың болашағын тереңнен ойлауымыз керек. Менің жылдың басында «Ана тілі» газетіне ауқымды сұхбат бергенімді білесіздер. Онда «Реформа – ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді» деп айттым.
Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын.
Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді.
Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет.
Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз.
Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.
Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады.
Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе?
Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін.
Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз.
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін.
Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!
2025 жылғы 12 қарашада OVO Arena Wembley сахнасында Қазақстанның «Ізгі ниетті Елшісі» атанған әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «STRANGER» атты ерекше концерті өтеді. Бұл кеш сапалы әрі сан қырлы музыканы сүйетін жанкүйерлер үшін шынайы мереке болатыны сөзсіз.
Димаш Құдайберген – қазіргі заманғы музыканың феномені, шығармашылығы операдан бастап рок, рэп пен халық музыкасына дейінгі жанрларды қамтиды. Ол әндерін қазақ, ағылшын, орыс, француз, қытай, испан және итальян тілдерінде орындап, көпқырлы талантымен тыңдармандарды баурайды. Әрбір концерті әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған көрермендерді қамтып, ерекше мәдени шараға айналады.
«STRANGER» бағдарламасы – жай ғана концерт емес, Димаштың Ұлыбритания аудиториясына арнайы дайындаған жаңа туындыларын ұсынатын әлемдік деңгейдегі шоу. Ұлттық тамырларға деген құрмет пен Қазақстанның бай мәдениетімен таныстыру мақсаты бұл кештің маңыздылығын арттырады. Лондонда алғаш рет көрермендер қазақтың ұлттық аспаптарының шынайы үнін тыңдап, оларды заманауи музыкалық композицияға үйлесімді түрде енгізілгенін сезінеді.
Димаштың «Stranger», «S.O.S.», «D'un Terrien En Detresse», «Your Love», «Unforgettable Day», «Ave Maria» және «Adagio» сияқты әйгілі хиттері жаңа аранжировкаларда шырқалып, тыңдармандарға ерекше эмоция мен шабыт сыйлайды.
Бұл ұмытылмас кештің бір бөлігі болғысы келетін жанкүйерлерге билеттер ресми сайтта және қала кассаларында сатылымда екенін хабарлаймыз https://mticket.uk/en/london/dimash-qudaibergen-stranger-2373.html.
Қазақстан Республикасының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігі музыка мен мәдениетті сүйетін барлық жанкүйерлерді аталған кешке қосылып, Димаш Құдайбергеннің шығармашылық әлемін Лондон жүрегінде тамашалауға шақырады.