
Любляна, 2026 жылғы 7 шілде – Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения Республикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Зоран Стевановичпен кездесіп, оның барысында саяси диалогты дамыту, парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақ Елшісі Зоран Стевановичті Ұлттық жиналыс Төрағасы болып сайлануымен құттықтап, Қазақстанның Словенияны Еуропалық Одақтағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Тараптар Словения Республикасының Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2025 жылғы 31 наурыз – 1 сәуір аралығында жасаған ресми сапарының қорытындыларын жоғары бағалап, оның екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін бергенін атап өтті.
Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және конституциялық реформалар туралы жан-жақты ақпарат беріп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мәтінін табыс етті, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтары мен негізгі жетістіктерімен таныстырды. Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Адриатикалық теңіздегі Словенияның Лука Копер портының Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) дамытуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Ұлттық жиналыс Төрағасы Зоран Стеванович Қазақстан мен Словения арасындағы өзара сенімге негізделген әрі өзара тиімді қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, 2024 жылы Қазақстан Республикасының Люблянадағы Елшілігінің ашылуын екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам ретінде жоғары бағалады. Ол Қазақстанды Словенияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде қарастыратынын айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып, 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын, сайлаудан кейін Словения Республикасы Ұлттық жиналысында «Қазақстан – Словения» парламентаралық достық тобын қайта құру мәселесін, сондай-ақ Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) аясындағы өзара іс-қимылды жандандыру перспективаларын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Зоран Стеванович Қазақстанға ресми сапармен келуге қызығушылық танытып, бұл сапар екі мемлекет арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.