
Любляна, 2026 жылғы 16 маусым - Словения астанасында Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшілігінің бастамасымен, Шымкент қаласы әкімдігінің және словениялық серіктестердің қолдауымен қазақстандық «Қаған» және «Яссы» этно-фольклорлық және би ансамбльдерінің қатысуымен ұлттық мәдени іс-шаралар легі өтті.
Жаз маусымының басталуындағы жарқын оқиғалардың бірі Люблянаның орталық алаңында өткен импровизациялық концерт болды. Бұл Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшілігі ашылғаннан кейін қазақстандық шығармашылық ұжымдардың елдегі алғашқы өнер көрсетуі ретінде ерекшеленді. Домбыра, қобыз, дауылпаз және басқа да ұлттық аспаптардың әуезді үні, дәстүрлі музыкалық шығармалар мен көз тартар ұлттық киімдер қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Концерт словениялық көрермендердің, шетелдік туристердің және қазақ диаспорасы өкілдерінің зор қызығушылығын туғызып, олардың көпшілігі үшін Қазақстанның музыкалық дәстүрлері мен мәдениетімен алғашқы таныстыққа айналды.
Сол күні Люблянадағы тарихи-сәулет кешені – Križanke алаңында Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшілігінің қолдауымен Lions Club Ljubljana Iliria ұйымы дәстүрлі халықаралық қайырымдылық Midsummer Night (Kresna noč) кешін өткізді. Өзінің 25 жылдан астам тарихында алғаш рет Қазақстан аталған іс-шараның ұлттық мәдени серіктесі ретінде қатысты.
Іс-шараға Словения Президентінің жұбайы доктор Алеш Мусар, дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшылары, Словенияның іскерлік, қаржылық және өнеркәсіптік топтарының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ Любляна тұрғындары мен қонақтарын қоса алғанда 300-ден астам адам қатысты. Словения мемлекеті басшысының атынан сөз сөйлеген доктор Алеш Мусар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін және экономика, сауда, білім беру мен туризм салаларындағы ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтті.
Мәдени бағдарламаның басты оқиғасы дәстүрлі қазақ музыкасы мен көне түркілік сарындарды үйлестіре білген «Қаған» және «Яссы» ансамбльдерінің өнер көрсетуі болды. Қонақтар Қазақстанның табиғи байлығы, тарихи-мәдени мұрасы және тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған фотокөрмені де тамашалады.
Іс-шара қатысушылары Қазақстанның туристік әлеуеті, заманауи дамуы, ұлттық тағамдары, мәдениеті мен дәстүрлерінің сан қырлылығын таныстырған бейнероликке ерекше қызығушылық танытты.
Кештің ерекше сәттерінің бірі белгілі словениялық кәсіпкер әрі меценат, Қазақстан Елшісінің Словениядағы экономика мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Янез Шкрабецті құрметтеу рәсімі болды. Оған сыйластық пен достықтың белгісі ретінде дәстүрлі қазақ шапаны табыс етілді. Қайырымдылық акциясынан түскен қаражат Шентвид-при-Стична қаласындағы балалар ауруханасының қамқорлығындағы балаларға қолдау көрсетуге бағытталды.
Өткен іс-шаралар Қазақстан мен Словения арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып, Ұлы Дала мәдениеті мен дәстүрлерінің танымал болуына, сондай-ақ екі ел арасындағы достық байланыстардың одан әрі нығаюына ықпал етті.