Люблянада Қазақстан мен Словенияның ұлттық активтерін басқару тәжірибесі талқыланды

Люблянада Қазақстан мен Словенияның ұлттық активтерін басқару тәжірибесі талқыланды

Любляна, 2026 жылғы 8 маусым – Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словенияның активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік холдингінің (slovenski državni holding) Президенті Жига Дебелякпен кездесуде ұлттық экономиканы әртараптандыруға және оның мұнай-газ секторына тәуелділігін төмендетуге бағытталған жүргізіліп жатқан реформаларға ерекше назар аудара отырып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өзекті ақпаратты ұсынды. Елші ел экономикасының негізгі салалары, соның ішінде көлік және логистика, энергетика, тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар және өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ инвестициялар тарту және шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі шаралар туралы айтып берді. 

Энергетика, көлік, логистика, телекоммуникация және инфрақұрылым салаларындағы ұлттық компанияларды біріктіретін Қазақстанның ірі мемлекеттік инвестициялық холдингі ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ қызметіне ерекше назар аударылды. 

Өз кезегінде Ж.Дебеляк қазақстандық тарапты cловенияның мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі орталық институты — slovenski državni holding жұмысының құрылымы мен қағидаттарымен таныстырды. Ол холдинг энергетика, қаржы, көлік, инфрақұрылым, туризм және экономиканың басқа да секторлары сияқты салаларды білдіретін 50-ден астам компаниядағы мемлекеттік үлестерді басқаруды жүзеге асыратынын атап өтті. 

Словениялық әңгімелесуші сондай-ақ холдингті басқарудың корпоративтік моделі, мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру, корпоративтік басқарудың, цифрландырудың және орнықты дамудың заманауи стандарттарын енгізу жөніндегі басымдықтар туралы айтты. 

Тараптар мемлекеттік активтерді басқару саласында тәжірибе алмасу, корпоративтік басқаруды жетілдіру және Қазақстан мен Словения арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша сараптамалық диалогты жалғастыруға және екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік расталды.