
Сежана, 2026 жылғы 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай Словенияның Сежана қаласында югослав партизандары қатарында шайқасқан қазақстандық жауынгердің қабіріне гүл шоқтарын қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев, Сежана қаласының мэрі Андрей Сила, Қазақстанның Құрметті консулы Димитрий Пицига, қазақстандық дипломаттар, сондай-ақ Қазақстан мен Словения азаматтары қатысты.
Қазақстанның мемлекеттік мерекесінде батырды еске алу рәсімінің өтуі ерекше мәнге ие. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлеріміз көрсеткен ерлік пен батырлық – Отанға және адамзатқа қызмет етудің мәңгілік үлгісі», – деп атап өткен болатын.
Осы тұрғыда Касым Жақыповтың (Словенияда Кассе Себеро атымен белгілі) тұлғасы – осы жерді азат ету жолында словен халқымен иық тіресе шайқасқан және фашист басқыншыларына қарсы күресте қаза тапқан барлық қазақстандық жауынгерлердің жинақталған бейнесі.
Батырдың өмір жолы – жеке ерліктің әрі күрделі тарихи тағдырдың көрінісі. Архивтік деректерге сәйкес, «Кассе Себеро» есімінің ар жағында Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Касым Жақыпов тұр, алайда зерттеулер оны Жиенше Есімсейітовпен де байланыстырады. Әлі де терең зерттеуді қажет ететін осы жауынгердің тағдыры белгілі режиссер Сергей Азимовтың көрермендерді толқытқан деректі фильмінде бейнеленген. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Словениямен ынтымақтастық орнату және іздестіру жұмыстарын үйлестіру ісіне белсенді қолдау көрсетіп келеді.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Сежана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында бауырластық байланыстар орнату бастамасын талқылау болды. Мэр Андрей Сила мен қазақстандық дипломаттар тарихи жадты қазіргі заманғы өңіраралық ынтымақтастықтың берік негізіне айналдыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту жөнінде уағдаласты.
Қазақстан Елшісі Сежана тұрғындарының жауынгер қабіріне көп жылдар бойы көрсетіп келе жатқан құрметі мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Қазақстандық сарбаздың есімі сегіз онжылдықтан кейін де словен халқы үшін туғанындай қастерленуі – адамдық ынтымақтың ең жоғары дәлелі.
Рәсім соңында қатысушылар батырлардың есімі алғыс айтылған жерде ғана өмір сүретінін атап өтті. «Қазақ партизанының» ерлігі Словения мен Қазақстан тарихында өткеннің бір парағы ғана емес, бейбітшіліктің құнын және еркіндік жолында ортақ қанмен бекіген достықтың мәңгілік естелігін еске салатын тірі рухани мұра болып қала береді.